Халықаралық білім көрмесі болашақ мамандарға бағыт берді

Авторы:

15.10.2025

Бүгінгі жаһандану дәуірінде сапалы білім мен саналы мамандық таңдау – әрбір жастың болашағын айқындайтын басты қадамдардың бірі. Қоғам дамуының негізі – білімді, кәсіби тұрғыдан дайын, замана талабына сай тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы ерекше маңызға ие. Жоғары оқу орындары мен мектептердің өзара байланысын арттырып, оқушыларға нақты бағыт-бағдар беру – болашақ мамандардың табысты қалыптасуына жол ашады.

Осы орайда, 2025 жылғы 15 қазан күні Шымкент қаласы Абдраш Назарбеков атындағы №87 жалпы білім беретін мектептің 10–11-сынып оқушылары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Білімді келешек – ІІ» халықаралық білім көрмесіне қатысып қайтты. Аталған іс-шара оқушылардың кәсіби бағдарын айқындап, жоғары оқу орындарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Көрмеге Қазақстан мен шетелдің 15-тен астам беделді жоғары оқу орындары қатысып, өздерінің білім беру бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктері, шетелдік серіктестік жобалары мен академиялық ұтқырлық бағыттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Әрбір университет өкілдері оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, оқу процесі мен студенттік өмірдің ерекшеліктерін таныстырды.

Оқушылар көрмеге ерекше қызығушылық танытып, түрлі бағыттағы мамандықтармен танысты. Әсіресе инженерия, IT, медицина, педагогика және халықаралық қатынастар салаларына қатысты стендтер жастардың назарын аударды. Көптеген оқушылар шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламалар, қос диплом алу мүмкіндігі және шетелде тағылымдамадан өту шарттары жөнінде пайдалы мәлімет алды.

Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын қалыптастыру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандық таңдауға бағыт беру болды. Көрме барысында оқушылар болашақ мамандығын саналы түрде таңдаудың маңыздылығын түсініп, өз қабілеті мен қызығушылығына сай бағыттарды айқындады.

Оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берген педагог К. Алакузова оларды көрмеге жан-жақты дайындап, әрбірінің қызығушылығын ескере отырып, белсенді қатысуға ынталандырды. Педагогтың айтуынша, бүгінгі білім көрмесі жасөспірімдердің кәсіби көзқарасын қалыптастырып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай дұрыс мамандық таңдауына ықпал етеді.

Мұндай кездесулер жастардың білімге деген ынтасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтады. «Білімді келешек – ІІ» көрмесі – жас ұрпақтың кәсіби бағдар алуына және ел ертеңіне өз үлесін қосуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.