«Өнерім – менің өмірім» атты кездесу кеші өтті

Авторы:

12.10.2025

Рухани тәрбиенің бастауы мектеп қабырғасындағы игі шаралар мен өнегелі кездесулерден бастау алады. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде оқушылардың өнер мен әдебиетке қызығушылығын арттыру өскелең ұрпақты тұлға ретінде жан-жақты тәрбиелеудің маңызды бір бөлігі болып саналады. Осы мақсатта Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №78 жалпы орта білім беретін мектебінде «Балалар кітапханасы» мен «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында «Өнерім – менің өмірім» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараны мектептің кітапхана меңгерушісі Ш.Сиязова және 9 «Ә» сынып жетекшісі Л.Турдалиева ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты оқушылардың кітап оқу мәдениетін арттыру, әдебиет пен өнердің өзара байланысын түсіндіру және шығармашылыққа деген қызығушылығын дамыту болды.

Кездесу кешіне қонақ ретінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жүзден аса өлең мен 15-тен аса әннің, сондай-ақ «Бақыт іздеген бала» кітабының авторы – Шайхисламова Рыскүл Қосымбайқызы арнайы шақырылды. Шайхисламова Рыскүл Қосымбайқызы – «Немерем», «Алғашқы би», «Немерем», «Қауырсын қанат ақ арман», «Сағым сезім», «Туғандарым», «Сен мен үшін жаралдың ба?», «Жар назы» секілді т.б. көптеген әндердің авторы.

Кеш барысында оқушылар ақынның шығармашылығымен танысып, «Тағдыр табыстырғандар» атты туындысынан әсерлі көрініс қойды. Сондай-ақ, жас өнерпаздар Рыскүл апайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қонақтың ризашылығына бөленді. Көрермендер назарына ақынның актерлік қырын танытқан «Тәлім тренд» циклі бойынша түсірілген тәрбиелік мәні зор бейнеролик ұсынылды. Іс-шараның соңында Рыскүл Қосымбайқызының сөзіне жазылған «Сыныптастар» әні орындалып, көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Кеш соңында мектеп директоры Ақмарал Қаналқызы сөз алып, келген қонаққа жылы лебізін білдіріп, шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тіледі.

«Өнерім – менің өмірім» атты бұл кездесу кеші оқушылардың рухани дүниесін байытып, өнер мен әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін арттырған әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. Мұндай кездесулер жас ұрпаққа өнеге мен шабыт сыйлап, олардың өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға ықпал етеді. Мұндай рухани және шығармашылық бағыттағы кездесу кештері мектеп өмірінде тек білімді жетілдіріп қана қоймай, балалардың жан дүниесін байытуға, тұлғалық өсуіне ықпал етуге, рухани құндылықтарды сіңіруге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға оң әсер етеді.