Ұстаз – қоғамның тірегі, болашақтың қалыптастырушысы. Олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық және мәңгілік. Әсіресе мектеп директорының рөлі ерекше, себебі ол мектептің педагогикалық ұжымын басқаруда, білім беру сапасын арттыруда және әр оқушының дамуына жағдай жасау жолында шешуші рөл атқарады. Білім саласындағы жетістіктер мен жаңашылдықтар көбіне мектеп басшыларының кәсіби дайындығы мен жауапкершілігіне байланысты. Сол себепті олардың еңбегін бағалау, қолдау көрсету және кәсіби мерекелерін атап өту – қоғам үшін маңызды шара.
Осы мақсатта «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтында Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған «Ұстазға алғыс!» апталығы ерекше мәнге ие болды. Бұл апталық аясында мектеп директорларының кәсіби шеберлігіне құрмет көрсету, білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыру және педагогикалық тәжірибе алмасу бағытында маңызды шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйегінде Шымкент қаласы бойынша серіктес мектептердің директорларын марапаттау рәсімі өтті. Шарада филиал директоры, ф.ғ.к. Медетбекова Меруерт Асқарбекқызы сөз сөйлеп, мектеп директорларын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол білім жүйесін жетілдіру жолында әрбір мектеп директорының рөлі зор екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, әрбір мектептің дамуы тек жеке педагогтардың ғана емес, сонымен қатар директорлардың көшбасшылық қабілеті мен стратегиялық жоспарлауынан да тікелей тәуелді екенін жеткізді.
Кездесу барысында педагогикалық серіктестік, әдістемелік қолдау, оқу үдерісін жаңғырту және білім сапасын арттыру бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Шара соңында мектеп басшылары алғыс хаттармен марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Бұл тек қана мерекелік рәсім емес, сонымен қатар білім беру саласындағы серіктестік пен өзара қолдаудың маңызды көрінісі болып отыр. Ұйымдастырылған бұл шара мектеп директорларының кәсіби шеберлігін дәріптеп, олардың еңбегін бағалаудың көрнекті үлгісі болды. Мұндай бастамалар білім саласындағы байланысты нығайтып, мектептердің дамуына серпін береді. Сонымен қатар, олар педагогикалық тәжірибе алмасуға, білім беру үдерісін жетілдіруге және жаңа инновациялық әдістерді қолдануға мүмкіндік туғызады. Осындай мерекелік және мотивациялық іс-шаралар педагогикалық қауымдастықты біріктіріп, мектептердің өркендеуіне үлес қосары сөзсіз.