Инклюзивті білім беру – тең мүмкіндіктер кепілі

Авторы:

10.10.2025

Инклюзивті білім ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз етеді. Бұл бағытта кәсіби құзыреттілікті жетілдіру, заманауи технологияларды қолдану арқылы оқыту әдістерін меңгеру – білім беру сапасын арттырудағы негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай «Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттерін қалыптастыру» тақырыбында орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курсы аясында №39 М. Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп базасында көшпелі тәжірибелік сабақ өткізілді. Бұл сабақ инклюзивті білім беру процесінде қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер мен мультимедиялық ресурстармен педагогтерді таныстыруға арналған маңызды іс-шара болды.

Көшпелі сабақ барысында қатысушылар келесі тақырыптар бойынша дәріс алды:

· «ЕБҚ бар балаларды оқытуға арналған заманауи білім беру мультимедиялық кешендері»;

· «Тірек-қимыл аппараты мен интеллектісі бұзылған балаларды оқытуға арналған мультимедиялық білім беру жүйелері».

Сабақ барысында педагогтер заманауи мультимедиялық ресурстар мен инновациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдарымен танысты. Олардың назарында әр оқушының жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, тиімді оқыту әдістерін қолдану тұрды.

Мектептің арнайы мамандары – логопед-дефектолог Мамутова А. А. және логопед-дефектолог Тлеу Г. М. өз тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған тиімді оқыту тәсілдерін көрсетті. Қатысушылар практикалық жаттығулар арқылы заманауи білім беру жүйелерін қалай тиімді қолдануға болатынын көріп, педагогикалық тәжірибесін байытты.

Осындай тәжірибелік сабақтар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, олардың инклюзивті білім беруді ұйымдастырудағы құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына және олардың әлеуетін толық ашуына жағдай жасайды. Курс жетекшісі Тугелбаева Эльмира Базарбаевна педагогтерді бағыттап, сабақтың ұйымдастырылуын тиімді басқара білді.

Мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби өсуіне, өз тәжірибесін байытуына және білім беру сапасын арттыруға үлес қосады. Сонымен қатар, бұл тәжірибе ерекше білім беруге мұқтаж балалардың жеке мүмкіндіктерін ескеріп, олардың білім алу сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Инклюзивті білім беру тек теориялық ұғым емес, әрбір педагогтің кәсіби іс-әрекетінде тиімді қолданылатын нақты тәжірибе екенін дәлелдеді.