Біліктілікті арттыру курсынан 3000-нан астам мұғалім өтіп жатыр

Авторы:

12.08.2025

Бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен құзіреттілігі білім сапасының негізгі көрсеткіші болып отыр. Осы орайда, педагогтердің үздіксіз дамуын қамтамасыз ету, олардың заманауи талаптарға сай білім мен дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау – мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта елімізде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты аймақ педагогтерінің кәсіби дамуына серпін беріп келе жатқан алдыңғы қатарлы мекемелердің бірі. Филиал директоры Меруерт Медетбекова басқаратын ұжым жыл сайын мыңдаған мұғалімді білім сапасын арттыруға бағытталған курстар мен оқытулардан өткізіп, педагог кадрлар дайындығына сүбелі үлес қосып келеді.

– Биылғы жылы біз мемлекеттік бюджет есебінен Шымкент қаласында 3000-нан астам мұғалімді оқытып жатырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан педагогтерге жасалып жатқан тегін біліктілік арттыру курсы. Қазақстанда әрбір мұғалім бес жылда бір рет аттестациядан өтіп, өз санатын (категориясын) қайта бекітеді. Бұдан бөлек, әр үш жыл сайын пәні бойынша міндетті біліктілік арттыру курсынан өтуі тиіс. Бұл талап мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлық педагогтеріне ортақ және осы мақсатта мемлекет арнайы қаржы бөліп отыр. Мұндай қолдау еліміздегі мектептердің білім сапасының артуына өз септігін тигізетіні анық, – дейді филиал директоры Меруерт Медетбекова.    

Айта кетейік, Шымкент қаласында 32 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Бұл санның ішіне қосымша білім беру ұйымдарының, балабақша тәрбиешілерінің, колледж оқытушыларының, сондай-ақ жекеменшік білім беру мекемелерінің педагогтері де кіреді. Олардың барлығына ортақ міндет – сапалы білім мен тәрбие беру, жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулу. Осы жауапты миссияны абыроймен атқару үшін әрбір педагог үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды қажет етеді. Бұл ретте «Өрлеу» институтының атқарып отырған жұмысы ерекше маңызды.

Бүгінде «Өрлеу» ұстаздардың кәсіби серігіне айналып отыр десек, артық айтқандық емес. Ұжым тек білім берумен шектелмей, педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамыту, жаңа идеялар мен бастамаларды қолдау, ғылыми-әдістемелік материалдар дайындау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Бұл бағыттағы шаралар педагогтер арасында кәсібиліктің қалыптасуына, біліктілік деңгейінің өсуіне ықпал етуде.