Тіл – ұлттың рухы мен болмысының айнасы, халықтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші қастерлі қазына. Тіл арқылы ұлттың өткені мен бүгіні, рухани байлығы мен дара болмысы көрініс табады. Ол – елдіктің негізі, бірліктің бастауы, ұлттың мәңгілігін айқындайтын ең асыл мұра.
Шымкент Қаласының Білім Басқармасына қарасты №83 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025 оқу жылының 22 қыркүйек пен 2 қазан аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығы өтті. Апталық аясында ұйымдастырылған «Тіл – ұлттың жаны, халықтың қазынасы» тақырыбындағы онкүндік мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оқушылардың тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Онкүндіктің жабылу салтанаты қазақ халқының тұңғыш ұстазы, Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына арналды. Шара «Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» тақырыбында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұны мен мәні терең, тәрбиелік маңызы зор мерекелік кешке айналды.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың бойында ана тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету, сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын дәріптеу болды. Кеш барысында оқушылар қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ұлықтап, сахна арқылы өздерінің тіл шеберлігін, шешендік өнерін және сахна мәдениетін көрсетті. Бағдарламада сахналық көріністер, мәнерлеп оқу, Ыбырай шығармаларынан үзінділер оқу, өлеңдер мен шағын драмалық қойылымдар орындалды. Кеш барысында ұлы ұстаздың өнегелі өмір жолы, ағартушылық қызметі мен халқына сіңірген еңбегі кеңінен насихатталды.
Ыбырай Алтынсариннің ұлағатты сөздері мен педагогикалық идеялары бүгінгі таңда әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» атты бұл тағылымды кеш оқушылардың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін арттырды. Осындай мазмұнды іс-шаралардың жас ұрпақты туған тілін құрметтеуге, білім мен еңбекті жоғары қоюға тәрбиелейтіні анық.
Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен еңбегі – өскелең ұрпақ үшін мәңгілік өнеге. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген ұраны бүгін күні де өзекті, себебі ол – ұлттың оянуының, білім мен парасаттың нышаны. Кеш соңында қатысушылар ұлы ағартушының рухына тағзым етіп, оның мұрасы қазақ халқының рухани өмірінде мәңгілік сақталатынын ерекше сезіммен жеткізді.