Шымкенттегі №149 мектептің оқушылары халықаралық чемпионаттан жүлделі қайтты

Авторы:

13.08.2025

Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар мен инженерлік білімге сұраныс артқан заманда жасөспірімдердің ғылыми-инновациялық бағыттағы әлеуетін дамыту – еліміздің басты стратегиялық басымдықтарының бірі. Әсіресе, робототехника, бағдарламалау, жасанды интеллект секілді болашақ мамандықтарына ерте бейімделу оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Осы бағыттағы халықаралық жобаларға қатысу арқылы жас қазақстандықтар өз қабілет-қарымдарын әлемдік деңгейде танытуда.

Биылғы жылдың 7-10 тамыз аралығында FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 атты халықаралық робототехника чемпионаты өтті. Жарыс  Қытай Халық Республикасының Макао қаласында ұйымдастырылған болатын. Үш күнге созылған бұл чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 500-ден астам команда және 12 мыңнан астам адам қатысты. Жарыс «Су асты әлемін зерттеу» тақырыбына арналып, қатысушыларды ғылым мен инженерияны экологиямен ұштастыра отырып ғаламдық экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосуға шақырды.

Чемпионатқа Қазақстандағы «Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары белсене қатысты.
Жарыс нәтижесінде Шымкент қаласындағы №149 мектептің «Yassi» командасы еліміздің абыройын асқақтатып, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында құрылған бұл команда  жоғары деңгейдегі дайындықпен келіп, өз жобаларын сәтті қорғап шықты. Олар жарыста үздік өнер көрсетіп, халықаралық қазылар алқасының шешімімен Core Values Award және Engineering Excellence Award жүлделерін иеленді.
Бұл жүлделер тек техникалық білім мен дағдылардың ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, көшбасшылық, ынтымақтастық және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерінің жоғары деңгейін көрсеткен командаларға беріледі.

Жарыс Азиядағы робототехника, ғылыми зерттеулер және инновациялық жобалар саласындағы ең ірі алаң болып табылады. Мұндай чемпионаттарға қатысу жас буынның ғылыми-кәсіби бағдарын нақтылауға, жаһандық ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық деңгейде өзін танытуға үлкен мүмкіндік береді. Қазақстандық оқушылардың осындай байрақты бәсекеде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінуі – еліміздегі білім беру реформаларының, соның ішінде STEM және робототехника бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Мұны тек жарыс қана емес, болашақ инженерлер мен ғалымдар тоғысқан тәжірибе алаңы деуге де болады.