Слет жұмысшы жастардың тәжірибе алаңына айналды

Авторы:

24.07.2025

Үстіміздегі жылдың  21–23 шілде аралығында Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалына еліміздің төрт бұрышынан техникалық және кәсіптік білім беру коллеждерінің студенттері жиналды. Жұмысшы мамандығын таңдаған студенттердің республикалық слеті жұмысшы мамандығы жылына орайластырылып өткізілді.   Әр өңірден 100-ге жуық студент қатысты.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру орта арнаулы оқу орындарының үздік 5 студенті қатысып қайтты. Студенттердің алқалы басқосуында диалогтық ашық алаң құрылды. Түрлі форматта  белсенді жұмыстар жүргізілді. Іс-iараның ашылуына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және т. б. қатысты.

Слеттің негізгі мақсаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастардың көшбасшылық әлеуеті мен кәсіби дағдаларын дамыту болды.

Іс -шара аясында делегаттар өзара  тәжірибе алмасып,  жаңалықтарын ортаға салды.  Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі де қозғалды. Пікірлер айтылып, ұсыныстар жасалды.  Осылай слет жұмыспен қамту саласындағы өзекті үрдістерді талқылау алаңына айналды. Қатысушылар қазіргі еңбек нарығының сын-қатерлерін талқылап, жұмысшы мамандықтар бойынша мансаптық өсу мүмкіндіктерімен танысты.

Бағдарлама бойынша өткізңлген  мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары, тәжірибелік сессиялар  жастар үшін өте тиімді болды.  Команда құру бойынша өткен іс-шаралар кешені , команда да жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруда өте тиімді болды. Жұмыс барысында әсіресе өзін-өзі көрсету, таныта білу, сыни және креативті ойлау, топпен жұмыс жасау және қарқынды өзгеріп жатқан кәсіби ортаға бейімделу дағдыларына көп көңіл бөлінді.

Шымкенттік үздік жастар қай алаңда болмасын өздерінің белсенділіктерін танытып, көзге түсті.

Слет – жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы әрі келешек жұмысшы мамандардың кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашатын маңызды мүмкіндік болды.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 2 есеге өсіп, бір студентке 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін ұлғаяды.