Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №54 жалпы орта білім беретін мектебінде эстетикалық бағыттағы пәндер апталығы аясында бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтар мен рухани мұрамызды дәріптеу мақсатында «Абай және табиғат үндестігі» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 3–4 сынып оқушылары белсене қатысып, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының табиғат тақырыбындағы шығармаларына арнап өз қиялдарынан туған суреттерін ұсынды.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды Абай шығармалары арқылы табиғатты аялауға, оны сезінуге, сұлулықты көре білуге және бейнелеу өнері арқылы өз ойын еркін жеткізе білуге баулу болды.
Байқауға қатысушылар «Жаз», «Күз», «Қыс», «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұрым» секілді өлеңдерінің мазмұнын өз қиялымен, түрлі түстер мен бейнелер үйлесімі арқылы қағаз бетінде бейнеледі. Әр оқушының еңбегінде табиғат пен адамның үйлесімділігі, сұлулық пен ізгілік идеясы көрініс тапты.
Байқау барысында оқушылар өз жұмыстарын қорғап, сурет арқылы нені бейнелегендерін түсіндіріп өтті. Бұл кезең олардың сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілетін және өз еңбегін бағалай білу дағдысын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді. Әділқазылар алқасы суреттердің мазмұндық тереңдігіне, композициялық шешіміне, түстердің үйлесіміне және идеяның ашылуына ерекше мән берді. Байқау нәтижесінде үздік деп танылған оқушылар мектепішілік мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табыс етіліп, олардың еңбектері мектеп дәлізінде ұйымдастырылған көрмеге қойылды.
Бұл іс-шара оқушылардың өнерге, әдебиетке және табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына Абайдың даналығын, оның табиғатпен үйлесім таба білген философиялық көзқарасын дарытуға ықпал етті. Осындай шығармашылық бағыттағы байқаулар арқылы мектеп ұжымы оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып, олардың рухани дүниесін байытуға зор үлес қосуда.
Байқау соңында ұстаздар мен ата-аналар жас суретшілердің туындыларына жоғары баға беріп, олардың болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді. «Абай және табиғат үндестігі» атты бұл шара жас буынға ұлы ақынның шығармашылық әлемін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріп, туған жер мен табиғатты сүюге тәрбиеледі.