Күзгі демалыста оқушыларға кітап оқу акциясы ұйымдастырылды

Авторы:

28.10.2025

Оқушылардың демалыс күндерін мазмұнды әрі пайдалы өткізу олардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік береді. Демалыс күндері балалар уақыттарын тек тынығуға емес, сонымен қатар өз қабілеттерін арттыруға жұмсаса, бұл олардың оқу үлгеріміне де оң әсер етеді. Осы орайда Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасы «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» атты кітап оқу акциясын ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың күзгі демалыста бос уақытын тиімді пайдалану, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби шығармалар арқылы олардың ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту және рухани құндылықтарға баулуға бағытталды.

Кітапхана оқушылардың білім көкжиегін кеңейтетін, ізденіс пен шығармашылықтың ордасы десек, күзгі демалыс күндері мектеп оқушылары сол кітапхананың жайлы оқу залында жиналып, өздерінің сүйікті кітаптарымен танысып, алған әсерлерімен бөлісті. Акция барысында әрбір оқушы өз талғамына сай көркем, танымдық және тәрбиелік маңызы зор кітаптарды таңдап, қызыға оқыды.

Іс-шараға 6-8 сынып оқушылары белсене қатысып, өздерінің оқу мәдениетін, талғамдарын және әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Атап айтқанда, Табенова Гүлсезім, Қуанышбекқызы Кәусар, Адилбекова Аружан, Жақыпбек Айғаным, Бейсенбай Аягөз сынды оқушылар ерекше белсенділік танытып, оқыған кітаптарының мазмұнын сыныптастарына әңгімелеп берді. Олар оқыған шығармаларындағы қызықты оқиғалар мен әсерлі кейіпкерлер жайында пікір алмасып, өз ойларын еркін жеткізді.

Акция барысында кітапханашы оқушыларға қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындыларын таныстырып, көрме ұйымдастырды. Кітап көрмесі оқырмандардың ерекше қызығушылығын оятты. Сонымен қатар, оқушылар арасында шағын пікірталас өткізіліп, кітаптың адам өміріндегі маңызы мен оқудың пайдасы туралы ойлар ортаға салынды. Бұл акция оқушылардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, кітап оқудың пайдалы әрі қызықты екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, оқушылардың  демалысты тиімді пайдалануына мүмкіндік беріп, жас оқырмандарға жақсы көңіл-күй мен жаңа әсер сыйлады.

Бүгінде мектеп кітапханасы тек ақпарат алу орны ғана емес, оқушылардың тұлғалық дамуына ықпал ететін, рухани азық беретін білім мен тәрбие ошағына айналуда. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы мектеп кітапханасы жас ұрпақты кітапты сүюге, бос уақытын тиімді өткізуге және білімге құштар болуға тәрбиелеуді жалғастыра бермек.