Оқушыларға көшеде қауіпсіз жүріп-тұрудың қағидалары көрсетілді

Авторы:

20.10.2025

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып бірлестігінің «Білім бастауы – бастауышта» тақырыбындағы 10 күндік іс-шаралар апталығы аясында 1-сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Абайла, балақай!» атты танымдық тәрбиелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға жолда жүру мәдениетін, өз қауіпсіздігін сақтауды үйрете отырып,  жол қозғалысы ережелерімен және жол белгілерімен таныстыру, олардың түрлерін ажырата білу дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар, жолда жүру ережелерін іс жүзінде қолдануға қызығушылықтарын арттыру, жол қауіпсіздігін сақтауға тәрбиелеу, жаяу жүргінші мен көлік арасындағы өзара байланыс қағидаларын меңгерту, балалардың сөздік қорын байыту, бағдаршам жарық көздерінің қызметін талдау болды.

Шара шеңберінде оқушылар «Жолда жүру ережесін білейік», «Бағдаршамның түстері», «Жол белгілері нені білдіреді?» тақырыптарында сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Мұғалімдер оқушыларға әр түрлі жол белгілерін көрсетіп, олардың мағынасын түсіндірді.

Балалар «Бағдаршам» ойынын ойнап, жарық көздерінің (қызыл, сары, жасыл) мәнін тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, «Жол белгілерін тап», «Кім жылдам?» сияқты қызықты тапсырмалар арқылы балалардың белсенділігі артты.

Оқушылар рөлдік көріністер арқылы жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің әрекеттерін бейнелеп, көшеде дұрыс және қауіпсіз жүріп-тұрудың ережелерін көрсетті. Бұл олардың алған білімін өмірмен байланыстырып, есте сақтауға септігін тигізді.

«Абайла, балақай!» атты іс-шара оқушылардың жолда өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын ұғындырды. Балалар жол қозғалысына қатысты жаңа мағлұматтар алып, бағдаршам мен жол белгілерінің қоғамдағы рөлін түсінді.

Іс-шара барысында балалардың сөйлеу тілі, ойлау қабілеті, өз ойын еркін жеткізу дағдылары дамыды. Сонымен бірге, ұжымдық жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа, бір-бірін тыңдауға және құрметтеуге тәрбиеленді.

Мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар оқушылардың өмірлік қауіпсіздік дағдыларын жетілдіріп, жауапкершілігі жоғары, тәртіпті тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде оқушылардың өмірлік ұстанымын айқындап, елінің қауіпсіздігі мен өркендеуіне үлес қосатын саналы азамат болып өсуіне негіз болады.