«Жас Дарын-2» – білім мен ізденістің ордасы

Авторы:

18.10.2025

Шымкент қаласындағы «Жас Дарын-2» бастауыш мектебі – 1-4 сынып оқушыларына арналған заманауи оқу орны. Бүгінде мектепте 300-ден астам бала сапалы білім алып, шығармашылық және ғылыми бағытта дамып келеді. Мұнда білім берумен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Мектепте кәсіби деңгейде жүргізілетін бокс, би, домбыра, сурет, шахмат, робототехника секілді үйірмелер мен қосымша сабақтар жүргізіледі. Бұл балалардың қабілеттерін ашып, талантын дамытуға мүмкіндік беруде.

Мектеп ұжымы үшін басты мақсат – білімді, парасатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сол мақсат жолында ұстаздар қауымы бар ынта-жігерімен еңбек етіп, оқушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына жағдай жасап келеді. Әр сабақта шығармашылық ойлау мен ізденіс мәдениетін қалыптастыруға, оқушылардың өз ойын еркін жеткізе білуіне, жаңа идеяларды іске асыруға баулиды. Осындай еңбектің нәтижесінде «Жас Дарын-2» мектебінің оқушылары жыл сайын түрлі олимпиадалар мен жарыстардан жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл – мектептің сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі табысты еңбегінің айқын дәлелі.

Мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, жас зерттеушілер мен ғалымдар қатысқан «Ғылым мен ғарыш – жас зерттеушілердің кеңістігі» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми жобалар конференциясында да аталған мектеп оқушылары зор жетістікке жетті. Атап айтар болсақ, Марат Адина Олжасқызы ІІІ орын, Айтходжа Нұрахмет Шакирханұлы І орын иегері атанса, Рахымберді Айсұлтан Нұржігітұлы бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша оқушылар өз ғылыми жобаларын жоғары деңгейде қорғап, әділқазылардың жоғары бағасын алған болатын.

Рахымберді Айсұлтан – бірнеше халықаралық жобалардың жеңімпазы, озат оқушы. Ғылыми жобасының тақырыбы – «Мультфильмдегі математика». Мұнда ол математика мен мульфильм арасындағы байланыс туралы айтады.

 – Мультфильм көру бәрімізге ұнайды. Бірақ оның қалай жасалатынын көбіміз білмейміз. Мультфильм кейіпкерлерінің әрбір қимылы, қозғалысы, тіпті дене пішімі де математикалық есептеулер арқылы жасалады. Өз жұмысымда мен мультфильм мен математиканың арасындағы байланысты көрсетіп, онда математиканың қалай қолданылатынын түсіндіруге тырыстым, – дейді ол.

«Жас Дарын-2» мектебі осындай ізденімпаз, талантты оқушыларымен мақтанады және алдағы уақытта да шәкірттерінің жетістіктерімен көпті қуанта берері сөзсіз.