«Zerdeli» – зейінділер мектебі

Авторы:

19.10.2025

Шымкент қаласындағы «Zerdeli International School» – 3-11 сынып аралығындағы оқушыларды қабылдайтын, республика бойынша беделі жоғары білім ордаларының бірі. Қазіргі таңда мектепте 600-ге жуық оқушы сапалы білім алып, түрлі олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Мектептің басты бағыты – математика мен логика пәндерін олимпиадалық бағытта тереңдетіп оқыту.

– Математика мен логика бағытында үздік мектептердің қатарындамыз деп айта аламын. Өйткені біздің оқушылар FEMO International, «Бастау» сынды республикалық және халықаралық деңгейдегі математикалық-логикалық олимпиадалардан жыл сайын жүлделі орындар алып келеді. Мысалы, былтыр FEMO International олимпиадасында Ташкент қаласында 16 мемлекет қатысып, біздің оқушымыз бірінші орынды жеңіп алса, биыл Бакуде өткен додада да бас жүлдені иеленді. Ал «Бастау» олимпиадасы ең күрделі жарыстардың бірі. Соған қарамастан, өткен жылы жеке және командалық есепте бірінші орынға ие болдық, – дейді мектеп өкілі Меруерт Диханқызы.

«Zerdeli International School» өз оқушыларымен ғана емес, авторлық олимпиадаларымен де танымал. Олардың қатарында «Алтын сақа», «Алтын түлек», «Алтын тұғыр» сынды республикалық деңгейдегі тегін олимпиадалар бар. Мұндағы «Алтын тұғыр» олимпиадасы бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған. Олимпиада нәтижесінде педагогтар аттестацияға жарамды сертификаттармен, сондай-ақ Дубайға жолдама және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бұл жобаның басты мақсаты – ұстаздарға жаңа әдістемелерді үйрету, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және математикалық логиканы терең түсіндіру.

Мектеп сонымен қатар Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойған. Осы келісімдер аясында оқушыларға гранттар бөлінеді. «Алтын түлек» олимпиадасының жеңімпаздары сол гранттардың иегері бола алады.

Ал «Алтын сақа» олимпиадасы 3-6 сынып оқушыларының логикалық ойлауын жетілдіруге бағытталған. Бұл сайыста еш жерде кездеспейтін ерекше есептер беріледі. Жүлдегерлерге соңғы үлгідегі iPhone, ақылды сағаттар мен құлаққаптар табысталады.

Білім ордасының ең ірі жобаларының бірі – «Зерделі академиясы». Бұл бағдарлама 9-11 және 3-5 сынып оқушыларына арналған. Онда ауыл мен ауданнан келген дарынды балаларды математика пәнін тереңдетіп оқытып, академияның тәжірибелі ұстаздары оқушыларды республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындайды.

– Біздің түпкі мақсатымыз – БИЛ, НЗМ және РФММ секілді үздік оқу орындарының деңгейіне жету. Сол жолда табанды еңбек етіп келеміз, – дейді мектеп ұстаздары.