Тәжірибе алмасу – кәсіби дамудың кепілі

Авторы:

21.10.2025

«ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шымкент қалалық филиалында «Тәрбие менеджменті» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырып жатқан қала мектептерінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары іс-тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейіне арнайы келді. Кездесудің басты мақсаты мектептің тәрбие бағытындағы инновациялық тәжірибесін зерделеу, үздік әдістемелік тәсілдермен танысу және заманауи тәрбие жүйесін жетілдіру бағытында өзара тәжірибе бөлісу болды.

Қонақтар алдымен мектептің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстарымен танысты. Мектеп басшылығы мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары оқу ордасының оқушыларды рухани-адамгершілік, патриоттық және тұлғалық тұрғыдан дамытуға бағытталған жобалармен бөлісті.

Сонымен қатар, қонақтар ақын, қоғам қайраткері Саттар Асқарұлы Ерубаевтың есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған мұражай жұмыстарымен танысты. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бұрыш, ондағы құнды жәдігерлер қатысушыларға мол әсер қалдырды. Мұражай белсенділері ақынның өнегелі өмір жолы туралы мазмұнды ақпарат беріп, оның туған күніне орай мектепте өтіп жатқан онкүндік шаралар туралы баяндады. Осылайша мұражай экспозициясы мен рухани атмосферасы қонақтарға ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында педагогтар өзара ой бөлісіп, тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы жаңа әдістер мен формаларды талқылады. Қатысушылар Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің ұжымының үздік тәжірибесін жоғары бағалап, өз мектептерінде осы бағыттағы үлгілерді енгізу ниеттерін білдірді. Іс-шара соңында қатысушылар бірлескен фотосуретке түсіп, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықта жұмыс істеу туралы ұсыныстар айтты. Мұндай кәсіби байланыстар педагогтардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және тәрбие жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге үлкен мүмкіндік береді.

Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Ұстаздардың өзара тәжірибе бөлісуі, үздік идеялар мен инновациялық тәсілдерді бірлесе талдауы – болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі табыстың кілті. Осындай мазмұнды кездесулер педагогтардың кәсіби шеберлігін шыңдап, олардың тәрбие саласындағы менеджерлік құзыретін одан әрі арттыруға зор үлес қосары сөзсіз.