Жаңа оқу жылында 11 «Келешек мектебі» ашылады

Авторы:

14.07.2025

Шымкентте «Келешек мектептері» жобасымен 9 мектеп жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектептердің басқа мектептерден айырмашылығы  оқушыларға сапалы білім алу үшін жайлы орта  қалыптастыру.  Аталған білім ордалары иетерактивті тақталар, заманауи  зертханалық кабинеттер, жоғарғы жылдамдықтағы  интернет желісімен қамтылатын болады.

Жалпы үшінші мегаполисте  аталған жобамен 18 білім беру мекмесін салу жоспарланса, соның 11-і бүгінде оқушыларға есігін айқара ашқан. Бұл мектептерде  16 мыңға жуық оқушы білім алып жүр. Оқу орындары негізінен қаланың ортасынан қашықтағы аумақтарда орналастырылған.

Сол мектептердің бірі – №145 мектеп. 2000 оқушыға арналған білім мекемесі  заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, бір ауысымда жұмыс істейді. Мектептің басты ерекшелігі – оқушылардың терең әрі сапалы білім алуына және зияткерлік әлеуетін дамытуға толық мүмкіндік беретін заманауи оқу кабинеттері мен зертханалармен қамтылып отыр. Атап айтқанда, робототехника мен информатика кабинеттері, STEAM, химия, физика, биология зертханалары жұмыс істейді.

Сонымен қатар, 3 еңбекке баулу шеберханасы, хореография залы, 4 кең спорт залы, 2 коворкинг аймағы, асхана мен кітапхана бар. Мұның бәрі  оқушылардың шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Мектеп ауласында футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдарымен қатар, алғашқы әскери дайындыққа арналған алаң мен балалардың белсенді демалысына арналған түрлі ойын аймақтары бар.

Бұл мектеп – оқушылардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік беретін, болашақтың талаптарына сай құрылған заманауи білім ордасы.

 «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып отыр. Жоба аясында барлығы 460 мың оқушы орны ашылып, 217 мектеп салынады.

2024 жылы жаңа форматтағы 105 мектеп салынды. Ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл дегеніңіз,  жаңа оқу жылында 206 мың оқушы заманауи Келешек мектебіне барады деген сөз.

Аталған жоба аясында салынған мектептер бұрынғы типтік мектептерден едәуір ерекшеленеді. Олардың жалпы аумағы 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары мен төрт спорт залға дейін қарастырылған.

Былтырға дейін бұл ұлттық жоба «Жайлы мектеп» деп аталған болатын.