2025 жылдың 22 қазаны күні еліміздің білім беру саласындағы ең ауқымды әрі мәртебелі жобалардың бірі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының 2025 жылғы жеңімпаздары анықталды. Шымкент қаласынан 22 үздік педагог аталмыш жоба жеңімпаздарының қатарына еніп, өздерінің кәсіби біліктілігі мен жаңашылдығын дәлелдеді. Қала ұстаздарына салтанатты түрде арнайы сертификаттар мен құрмет белгілері табысталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы үш жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат – білім беру жүйесін заманауи біліктілігі бар көшбасшылармен қамтамасыз ету. Халықаралық озық тәжірибеге негізделген бұл жобада іріктеу бес кезең бойынша жүргізілді.
Жоба аясында екі жыл ішінде 583 жаңа буын менеджерлері дайындалды. Оның 400-ден астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалса, 40 директор «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылған мектептерді басқарып отыр. Осылайша, Қазақстандағы мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.
Жоба 2025 жылы да жалғасын тапты. Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп директорларының орынбасарларын оқыту 21 шілдеде басталып, 12 қыркүйекте аяқталды. Білім берудегі өзгеріс көшбасшылары бірнеше кезең бойы іріктеліп, үш деңгейде біліктілігін арттырды. Соның ішінде базалық деңгейден бастап, сараптамалық, кәсіби дайындық деңгейіне дейін әртүрлі бағдарламалар қамтылған. Бұл оқу бағдарламалары мектепті тиімді басқаруға қажетті дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Болашақ мектеп директорларын оқытуға арнайы дайындықтан өткен, сертификатталған тренерлер тартылды. Олар – мектеп басшыларың біліктілігін арттыруда 12 жылдан астам тәжірибесі бар, аталған бағдарлама бойынша Кембридж Бағалау кеңесінің сертификаттарына ие мамандар. Оқыту процесі аяқталған соң, қатысушылар тәжірибеден өтуге жіберілді. Тиісті тестілеу мен жоба жұмыстарынан, портфолио мен рефлексивті есептен сәтті өткен үміткерлер Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен әңгімелесуге жіберіліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мамандар кадрлық резервке енгізілді. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын сәтті аяқтаған және кадр резервіне кірген мамандар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады.