Білім сапасын арттыру – ортақ мақсат

Авторы:

29.10.2025

Қазіргі таңда білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі – оқушылардың білім сапасын арттыру және пәндік құзыреттіліктерін дамыту. Бұл бағытта мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, тәжірибе алмасу және оқу үдерісінде туындайтын қиындықтарды бірлесіп талдау ерекше маңызға ие. Осы мақсатта Шымкент қаласында пән мұғалімдерінің әдістемелік әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтары жүйелі түрде ұйымдастырылуда.

2025 жылдың 28 қазан күні Шымкент қаласы білім басқармасының «Д.И. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі базасында химия пәні бойынша «ББЖМ 2024-2025 нәтижесі. Қиындық туғызған тақырыптармен жұмыс жүргізу» тақырыбында қалалық деңгейде оқыту семинары өткізілді. Семинардың мақсаты ББЖМ (Білім берудегі бағалау жөніндегі мониторинг) нәтижелерін талдау, оқушыларға қиындық туғызған тақырыптар бойынша білім олқылықтарын жою жолдарын қарастыру, пән мұғалімдерінің әдістемелік және кәсіби шеберліктерін жетілдіру болды.

Іс-шараға Шымкент қаласының жалпы орта білім беру ұйымдарынан 70-тен астам химия пәні мұғалімдері қатысты. Оқыту семинарына қалалық әдістемелік орталықтың мамандары, тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар шақырылды.

Семинардың практикалық бөлімі барысында қатысушылар «Химиядағы энергетика», «Өмір химиясы», «Зат бөлшектері», «Химиялық реакциялардың заңдылықтары», «Периодтық заң және химиялық элементтердің периодтық жүйесі», «Химиялық реакциялардың жіктелуі» сияқты оқу бағдарламасындағы өзекті тақырыптарды талқылады. Әр тақырып бойынша тәжірибелі педагогтар қиындық туғызған тапсырмалар үлгілерін талдап, оларды шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды. Іс-шара нәтижесінде мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, оқушылардың оқу жетістіктерін арттыру мақсатында жаңа идеялар мен тиімді тәсілдерді меңгерді. Қатысушылар семинардың мазмұнының өзектілігін, практикалық бағыттылығын және кәсіби тұрғыдан пайдалы болғанын ерекше атап өтті.

Мұндай мазмұнды семинарлар педагогтардың кәсіби өсуіне жол ашып, пәндік құзыреттіліктерін нығайтуға және оқушылардың сапалы білім алуына негіз болары сөзсіз әрі ұстаздардың шығармашылық әлеуетін дамытып, жаңа әдістемелерді оқу үдерісіне тиімді енгізуге септігін тигізері анық. Бұл бағыттағы жұмыстар мұғалімдердің өзара ынтымақтастығын арттырып, білім сапасын жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.