«Алтын домбыра» – өнер мен рухтың үндестігі

Авторы:

24.10.2025

Қазақ халқының мәдени мұрасы – ғасырлардан жеткен асыл қазына. Ұлттық өнердің тамыры тереңде, ал оның қадірін ұғындыру – өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесінің маңызды бөлігі. Осы мақсатта Шымкент қаласында жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды дарыту, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында түрлі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осындай тағылымды шаралардың бірі «Алтын домбыра» атты қалалық өнер байқауы болды.

2025 жылдың 24 қазанында Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен Қаратау дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің базасында өткен бұл іс-шара қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды. Негізгі мақсат қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп қана қоймай, жас орындаушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, олардың сахна мәдениетін қалыптастыру және ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру болды.

Өнер сайысына қала мектептерінен келген 90-ға жуық оқушы мен олардың жетекшілері қатысып, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындау арқылы ұлы тұлғаның бай музыкалық мұрасын сахна төрінде жаңғыртты.

Байқау бағдарламасы үш бағытта ұйымдастырылды:
– ансамбльдік орындау,
– вокалдық өнер,
– жеке (соло) орындау.

Жас өнерпаздар сахнада жоғары орындаушылық шеберлік пен шығармашылық талғам танытып, көрермендер мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Әрбір қатысушының өнер көрсетуі ұлттық рухты сездіріп, көрермендердің жүрегінен орын алды. Қазылар алқасы орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті және шығармашылық ерекшелік бойынша үздік қатысушыларды анықтап, жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табыс етті.

Байқау нәтижесінде Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің оқушылары өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, І орынды иеленді. Оқушыларды байқауға дайындаған жетекшісі – Меруерт Айтқұлова.

«Алтын домбыра» байқауы ұлттық өнер мен руханияттың үндестігін паш еткен тағылымды шара болды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Іс-шара барысында сахна төрінде ұлттық өнердің сарыны мен жастардың жалынды рухы үйлесім тауып, «Алтын домбыра» байқауы нағыз өнер мен рухтың тоғысқан мерекесіне айналды.