Бала өміріндегі ең жауапты әрі маңызды кезеңдердің бірі – мектеп табалдырығын аттау сәті. Бұл кезеңде бала жаңа ортаға, жаңа талаптарға және жаңа ережелерге бейімделуі қажет. Сол себепті мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық пен өзара байланыс баланың мектеп өміріне сәтті енуінің басты кепілі болып табылады. 2025 жылдың қазан айында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №89 IT мектеп-лицейінде «Менің болашақ мектебім» атты танымдық іс-шара өткізілді. Іс-шараға №21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасының мектепалды даярлық (МАД) тобының жетекшілері мен тәрбиеленушілері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушылары арасындағы білім беру мазмұны мен оқыту әдістемесіндегі сабақтастықты қамтамасыз ету, болашақ оқушылардың жаңа ортаға сенімді және еркін бейімделуіне қолайлы жағдай жасау. Іс-шара барысында:
– Мектептің психологтары мен дефектолог мамандары балаларды мектеп ортасына бейімдеуге бағытталған арнайы тренинг-сабақтар ұйымдастырды. Бұл сабақтарда балалардың эмоциялық тұрақтылығын дамыту, қорқыныш сезімін жеңу және жаңа ортаға оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған ойын жаттығулары өткізілді.
– Балалар мектептің асханасы мен оқу кабинеттерін аралап, мектептің ішкі тәртібімен және күн тәртібімен танысты. Бұл танысу олардың бойында мектепке деген қызығушылық пен сенімділік тудырды.
– МАД тобының тәрбиеленушілері 1 сынып оқушыларымен жүздесіп, партаға отырып, қалам ұстап, өздерін болашақ оқушы ретінде сезінді. Бұл сәт балаларға үлкен қуаныш пен шабыт сыйлады.
– Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері оқытудағы әдіс-тәсілдердің сабақтастығын талқылап, баланың дамуындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етудің тиімді жолдарын қарастырды.
Бастауыш сыныпқа бейімделу кезінде балаларда кейде қобалжу, қорқыныш, тез шаршау, жаңа ортаға бейімделуде қиындықтар байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ата-аналар мен педагогтардың бірлескен жұмысы ерекше рөл атқарады.
«Менің болашақ мектебім» атты танымдық іс-шара мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған мағыналы кездесу болды. Мұндай шаралар балалардың мектеп өміріне оң бейімделуіне, жаңа ортаға сенімді қадам басуына және болашақта оқу мотивациясының қалыптасуына үлкен әсер етеді.
№89 IT мектеп-лицейі мен №21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасының бірлескен жұмысы – баланың тұлғалық дамуы мен оқу дағдысын қалыптастырудағы үздік тәжірибенің айқын көрінісі.