Қазіргі қоғамда өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру, заңға құрметпен қарауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу маңызды бағыттардың біріне айналды. Баланың ерте жастан құқықтық мәдениетті меңгеруі оның тұлғалық дамуы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты 2025 жылдың 30 қазан күні сағат 11:00-де Шымкент қаласы білім басқармасы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты жаңа анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті. Іс-шара қаланың Орталық саябағында мектеп оқушыларының қатысуымен өтті. Премьера 500-ден астам бала үшін ашық аспан астында үлкен LED-экранда көрсетілді.
Мультфильмнің басты кейіпкері – Қазақстанның тәуелсіздігі мен күш-қуатын бейнелейтін Барыс. Ол балаларға адал болудың, өзгелерді құрметтеудің және ережелерді сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді. Көрсетілім мерекелік атмосферада ұйымдастырылды. Балалар үшін жол қозғалысы қағидалары бойынша викторина ұйымдастырылып, оларға кинологтар, арнайы жасақ және криминалистердің жұмысы таныстырылды, сондай-ақ полиция қызметіне арналған фотокөрме қойылды. Балалардың мерекелік көңіл-күйі қуыршақ театры мен Шымкент циркінің әртістерінің нөмірлерімен толықтырылды. Жол қозғалысының жас инспекторлары да белсенділік танытып, жол жүру қауіпсіздігі туралы шағын көрініс қойды. Іс-шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылар ізгі ниеттің символы ретінде түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды.
«BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты анимациялық фильмнің тұсаукесері – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған мазмұнды шара болды. Бұл іс-шара балаларға құқық пен міндет, заң мен тәртіп ұғымдарын түсіндіріп қана қоймай, олардың өмірлік тәжірибесіне қауіпсіздік пен жауапкершілік қағидаттарын сіңіруге ықпал етті. Мектеп оқушылары осындай тәрбиелік мәні зор бастамаларға белсенді қатысу арқылы өскелең ұрпақтың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға өз үлестерін қосуда.
Анимациялық жоба өз жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта кішкентай көрермендерге қауіпсіздік, адалдық және жауапкершілік туралы баяндайтын Барыстың жаңа оқиғалары ұсынылмақ.