Кітап көрмесі ұйымдастырылды

Авторы:

26.10.2025

Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия кітапханасында 25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне орай «Республика күні – ұлттық мереке» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – оқушыларға Республика күнінің тарихи және қоғамдық маңызын түсіндіру, олардың бойында патриоттық сезімді, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлейтін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, өз елінің тарихын, мәдениетін құрметтейтін саналы да парасатты азаматтар тәрбиелеу.

Кітап көрмесінде тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаларды, ұлттық сана мен рухтың қалыптасуын бейнелейтін әдебиеттер мен деректі материалдар ұсынылды. Көрмеге қойылған кітаптар мен басылымдар бірнеше бағыт бойынша топтастырылды:

– «Тарих қойнауынан» – Қазақ халқының көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен мәдениетіне арналған еңбектер, шежірелер мен этнографиялық зерттеулер.

– «Ұлттар ұйымы және Қазақстан» – Қазақстанның халықаралық ұйымдармен байланысының бастау кезеңдері, елдің сыртқы саясаттағы алғашқы қадамдары мен жетістіктері.

– «Қазақстан тарихы» – еліміздің әр тарихи кезеңіндегі оқиғалар мен тұлғалар туралы деректер мен ғылыми еңбектер.

– «Қазақстан тарихынан» – тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі замандардағы тарихи деректер, архивтік құжаттар, зерттеушілер мен ғалымдардың еңбектері.

– «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік рәміздері» – Ту, Елтаңба, Әнұранның тарихы, авторлары және олардың мән-мағынасы туралы мәліметтер.

– «Көшпенділер» – Қазақ хандығының құрылуы, халықтың азаттық жолындағы күресі, Ілияс Есенберлиннің әйгілі тарихи трилогиясы. Бұл шығарма арқылы қазақ халқының мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңі мен азаттық жолындағы күресі терең суреттеледі.

– «Жаңа Қазақстан» – еліміздің қазіргі даму бағыты, әлеуметтік реформалар мен мемлекет басшысы ұсынған жаңғыру идеялары туралы еңбектер мен мақалалар.

Кітапхана қызметкерлері оқушыларға көрме материалдарын таныстырып, әр кітаптың мазмұны мен тарихи маңыздылығына тоқталды. Оқушылар өздеріне ұнаған еңбектермен танысып, сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.

Аталған кітап көрмесі жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында елжандылық пен ұлттық сана-сезімді қалыптастырған тағылымды шара болды. А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы ұжымы осындай мазмұнды шаралар арқылы оқушылардың рухани дүниесін байытып, елдік құндылықтарға баулуға үлкен үлес қосып келеді.