Қазіргі таңда білім сапасын арттыру мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – білім беру ұйымдарының басты басымдығының бірі. Осы мақсатта мектеп ұжымдары оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру бағытында үздіксіз талдау жасап, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай жүйелі жұмыс сапалы білім мен тиімді оқытудың кепілі болып табылатыны анық. Осы орайда Шымкент қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде кезектен тыс педагогикалық кеңес өткізілді. Кеңес жұмысына мектеп директоры, әкімшілік өкілдері және барлық пән мұғалімдері белсене қатысты.
Жиынның күн тәртібінде PBTS және PISA халықаралық зерттеу жұмыстарының қорытындылары қарастырылып, талдау жүргізілді. Мұғалімдер зерттеу нәтижелерін саралап, оқушылардың оқу жетістіктеріне әсер ететін факторларды айқындады. Сонымен қатар, алдағы уақытта білім сапасын арттыру бағытында атқарылатын шаралар мен әдістемелік қолдаулар жөнінде ұсыныстар берілді.
Кеңес барысында педагогтар халықаралық зерттеу талаптарына сай функционалдық сауаттылықты дамыту, сыни ойлау мен зерттеушілік қабілеттерді қалыптастыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ, заманауи білім беру үрдісіндегі оқыту әдістемелерін жетілдіру, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану және оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдері жайында тәжірибе алмасты. Педагогикалық кеңестің қорытындысы бойынша оқу үдерісін жетілдіру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру және халықаралық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып тиімді әдістерді енгізу туралы шешімдер қабылданды.
Кеңес жұмысын мектеп директоры Радагүл Махмудханқызы қорытындылап, педагогтардың белсенді қатысып, пікір білдіргені үшін алғыс айтты. Ол ұжымның бірлескен еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі білім сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мұндай кәсіби басқосулар ұстаздарға тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және заманауи білім беру талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді. Педагогикалық кеңестің нәтижесі мектептің даму стратегиясын айқындап, оқу сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Педагогикалық кеңес – білім беру ұйымының ең басты алқалы басқару органы. Ол мектептің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, білім сапасын арттыру және педагогтардың кәсіби даму бағыттарын айқындау мақсатында өткізіледі.