Қазіргі таңда елімізде болашақ бірінші сынып оқушыларын жаңа оқу жылына дайындық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды білім беру жобасы қолға алынған. Бұл – мектеп алды даярлық курстары жазғы кезеңде мектептер жанынан ұйымдастырылады. Осы орайда, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Б. Момышұлы атындағы №120 жалпы орта білім беретін мектебінде ашылған «Балақайлар мектебі» 04.08-15.08.2025 жыл аралығында өз жұмысын бастады.
Аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімдері Устенова Айнеля Адильхановна мен Вдовченко Ольга Викторовна бүгінде бірқатар балаларды қабылдап, оларды жаңа оқу жылына дайындау жұмысына кірісті.
«Балақайлар мектебінің» көздеген басты мақсаты – бірінші сынып оқушыларын болашақта білім бәсекесіне табысты бейімдеу үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл - балалар үшін жаңа бастама, жаңа өмір кезеңінің алғашқы қадамы. Балақайлардың білім баспалдағындағы алғашқы сабақтары «Мен» тақырыбында өткізілді.
Мұнда мұғалімдер әр баланың жас ерекшелігі мен психологиялық жай-күйін ескере отырып бейімдеу сабақтарын өткізді. Олардың жаңа ортаға бейімделіп, өздеріне деген сенімділігі мен оқу процесіне белсенді қатысуы үшін әдістемелік ұсынымдардағы жеке және сараланған оқыту тәсілдерін қолданды.
Әрине, алғашқыда балаларға мектеп бағдарламасын бірден игеріп кету оңайға соқпасы анық. Себебі, балалар балабақшаға барғанымен, кейде мектеп алды даярлық сыныптарына бармауы мүмкін. Сондықтан оқытушылар әрбір баланың оқу-білімге деген құлшынысын арттыратын түрлі ойын, жаттығу, тренинг түріндегі сабақтар оқытты.
Балалар «Сауат ашу негіздері» мен «Математика негіздері» арқылы әріп пен санды тануға, оқуға және санауға бейімделеді. «Сөйлеуді дамыту» сабағында олар өз ойын анық жеткізуге, жаңа сөздер үйренуге, сөйлем құрауға дағдыланады. Қоршаған ортамен танысу арқылы табиғат, ауа райы, жануарлар мен өсімдіктер туралы алғашқы түсінік алады. Ең әуелі жеткіншіктер жазуға дайындалады. Жазу кезінде арқаны тік ұстау ережелерімен танысып, геометриялық фигуралардың, жеміс-жидектер мен көкөністердің дайын суреттерінің сыртын шетке шығармай бастырып бояуға үйренеді. Сондай-ақ, тік, көлденең, қысқа, ұзын, толқынды, ирек сызықты, нүктелі, тамшы тәрізді әр түрлі бағыттағы пішіндерді арасындағы біркелкі арақашықтықты сақтай отырып, қолдарын икемдеп алады. Ал, «Сауат ашу негіздері» бойынша сабақтар сабақ кестесіне сәйкес ойын, шығармашылық жұмыстар, педагогпен диалог арқылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бүлдіршіндердің сөйлеуін жетілдіру үшін әр бала жеке дара жауап бере алатындай түрлі сауалдарды жиі қойып, олармен кез келген тақырыпта көбірек сөйлесуге мейлінше мүмкіндік жасалады. Сабақ барысында балдырғандар сөздердегі жекелеген бірінші дыбыстарды анықтауға, белгілі бір дыбысы бар сөздерді таңдауға, қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажыратуға бейімделеді. Сонымен қатар, балалар құрдастарымен қарым-қатынас құрып, сөздік қорын арттыру үшін заттар мен орындарды сипаттауға қосымша мағына беретін көптеген таныс және жаңа сөздерді қолданады.
Мұндай мектепалды курстар балалардың білім ордасына бойларын үйретіп, жазу мен сызу қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға айрықша назар аударылады.