«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жас ұрпақтың сапалы білім алуына аса назар аударылған. Осы орайда партия бағдарлама аясында қаламыздағы мектептерге жүргізілген күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан мектеп құрылыстарының барысымен танысты.
Жұмысшы топ құрамында қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жақсықұлов және партия мүшелері болды.
Арнайы құрылған комиссия өкілдері алдымен №26 Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектепке ат басын бұрды. 90 жылдан астам тарихы бар білім ордасында биыл наурыз айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты. Жоспар бойынша жөндеу жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс толықтай аяқталуға жақын. Комиссия мүшелері бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, құрылыс процесін жеделдету және сапаны сақтау қажеттігін алға тартты.
Жұмысшы топ мүшелерінің алтын ұяларды аралаудағы келесі қадамы №75 мектепке қарай бағытталды. Екі қабатты ғимаратта да күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айында басталып, жаңа оқу жылына дайын болу көзделген. Құрылысшылардың айтуынша, қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталып, оқушыларды жаңа оқу жылына қабылдауға дайындық жүргізілуде. Комиссия мүшелері нысандағы жұмыстардың қарқынын оң бағалап, ең бастысы – құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау қажеттігін қадап айтты.
Сонымен қатар, жұмысшы топ «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» құрылыс барысын да бақылады. 50 жылға жуық тарихы бар білім ордасының жөндеу жұмыстары да жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталу жоспарланған. Бұл бойынша мердігер компания өкілдері әрбір жұмыстың кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мектептердің жай-күйімен танысқан Ербол Байқонысов басшылық пен мердігерлерге бұл білім ордаларының партия бақылауында екенін еске салды. Сонымен қатар, аталған нысандардың тек мерзімінде аяқталуын ғана емес, сапасына да баса назар аудару қажеттігін тапсырды.
Білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарының жаңа оқу жылына дайындығын бақылау – білім беру жүйесіндегі басты басымдықтардың бірі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.