Функционалдық сауаттылық – заманауи білім берудің басты талабы

Авторы:

03.11.2025

Қазіргі қоғамда білім алушының тек теориялық білім меңгеруі жеткіліксіз. Ол алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана алуы, ақпаратты талдап, шешім қабылдай алуы, жаңа жағдайға бейімделуі қажет. Сондықтан да функционалдық сауаттылықты дамыту – бүгінгі білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында Шымкент қаласындағы №46 мектеп-лицейінің базасында география пәні мұғалімдеріне арналған «Функционалдық сауаттылық білім берудің негізгі бағдары» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды.

Семинардың мақсатыфункционалдық сауаттылықты сапалы дамыту арқылы оқушылардың алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға дағдыландыру, заманауи педагогикалық технологияларды тиімді пайдалана отырып, олардың рухани және жан-жақты дамуын қамтамасыз ету болды.

Іс-шара барысында мұғалімдер:

·  функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттары мен оларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады;

·  білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруда нәтижелі болатын әдіс-тәсілдерді қарастырды;

·  оқушылардың ойлау, талдау және практикалық дағдыларын дамытатын тапсырмаларды құрастыру жолдарымен бөлісті;

·  оқу сапасын арттыруға бағытталған инновациялық әдістерді тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін саралады.

Семинар соңында қатысушылар кері байланыс жасап, өзара пікір алмасып, тиімді тәжірибелерін бөлісті. Мұғалімдер пайдалы ақпарат алғандарын, жаңа идеялар мен жұмыс әдістерін меңгергендерін атап өтіп, кәсіби дамуға тың серпін алғандарын жеткізді.

Аталған семинар педагогтардың функционалдық сауаттылықты дамытудағы рөлін күшейтіп, білім беру үдерісін жаңаша ұйымдастыруға бағыт берді. Мұндай шаралар ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, оқушылардың сапалы білім алуына, өмірлік дағдыларын жетілдіруіне үлкен ықпал етеді.

Функционалдық сауаттылық адамның алған білімін өмірдің түрлі жағдайларында тиімді қолдана алу қабілеті. Яғни бұл тек ақпаратты білу емес, оны түсіну, талдау, практикалық мәселелерді шешуде пайдалану дағдысы. Қарапайым тілмен айтқанда, білімді өмірде қолдана білу. Ол бірнеше негізгі дағдыларды қамтиды:

·        оқу сауаттылығы – мәтінді түсіну, ақпаратты талдау;

·        математикалық сауаттылық – сандық ақпаратты қолдану, есеп арқылы нақты шешім шығару;

·        жаратылыстану сауаттылығы – табиғи құбылыстарды түсіну, ғылыми ойлау;

·        цифрлық сауаттылық – технологияларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалану;

·        қаржылық сауаттылық – ақша мен ресурстарды дұрыс жоспарлау;

·        коммуникативтік дағдылар – ойланып сөйлей алу, пікірді негіздеу.