Шымкенттің оқушылары iGEM 2025 халықаралық байқауында күміс медаль иеленді

Авторы:

04.11.2025

 

Ғылым мен технология қарыштап дамыған заманда жастардың халықаралық деңгейде өз білімін көрсетіп, еліміздің атын әлемге танытуы – зор мақтаныш. Әсіресе биоинженерия мен синтетикалық биология сияқты заманауи ғылым салаларында жас қазақстандық зерттеушілердің жетістігі еліміздің болашағына деген сенімді арттыра түседі.

Парижде өткен синтетикалық биология саласындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі – International Genetically Engineered Machine (iGEM) 2025 байқауында NIS-Kazakhstan командасы күміс медаль иеленіп, еліміздің атын биікке көтерді. Бұл – Қазақстаннан қатысқан жалғыз мектеп командасы. Байқауда Шымкент қаласындағы екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Қаратау және Абай аудандары) оқушылары, сондай-ақ Петропавл мен Түркістандағы NIS және өзге де жалпы білім беретін мектептердің шәкірттері бірігіп, бір команда ретінде өнер көрсетті.

NIS-Kazakhstan командасы өз жобасында косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтау мәселесін көтеріп, қоғам назарын осы бағытқа аударды. Команда әзірлеген «proof of concept» жүйесі генетикалық модификацияланған HEK293T жасушаларының негізінде жасалып, косметикалық заттардағы гидрохинонды анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің келесі кезеңі – тұтынушыларға косметикалық өнімдердің құрамын өздігінен тексеруге мүмкіндік беретін портативті биосенсор құрастыру болып табылады. Осылайша, оқушылар халықаралық ғылыми аренада еліміздің биотехнология саласындағы әлеуетін танытып, инновациялық ойлау мен ғылыми ізденістің жарқын үлгісін көрсетті.

iGEM байқауы – биоинженерия мен гендік технологиялар арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған жас зерттеушілердің басын қосатын ең ауқымды ғылыми жарыстардың бірі. Биыл оған 60-тан астам елден 400-ге жуық команда қатысты, олардың қатарында университеттер мен аспиранттық деңгейдегі зертханалар да бар.

Бұл жеңіс – тек бір команданың емес, бүкіл Қазақстан жастарының ғылымға деген қызығушылығы мен әлеуетінің айғағы. NIS оқушыларының еңбегі еліміздің ғылыми-инновациялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, отандық білім беру жүйесінің сапасын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай табысты жастардың жетістігі бізге шабыт беріп, еліміздің болашағына деген сенімді нығайтады. Мұндай халықаралық жетістіктер жас қазақстандықтардың ғылым мен технология саласында жаңа белестерді бағындыра алатынын айқын көрсетеді.