Бастауыш білім – сапаға бастайтын қадам

Авторы:

06.11.2025

Шымкент қаласында республикалық деңгейде «Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа парадигмалары: бастауыш буынға жаңа қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мақсаты – білім беру мазмұнын жаңғырту, оқыту мен тәрбиелеу үрдісін жетілдіру, заманауи педагогикалық технологияларды тиімді енгізу жолдарын айқындау.

Конференцияға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Шымкент қаласы бойынша КДИ директоры, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ өкілдері, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Атырау облыстары мен Астана, Тараз, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық әдіскерлері, директордың бастауыш сынып бойынша орынбасарлары мен бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны – 385.

Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы теориялық және тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды.

Теориялық бағыт бойынша ғалымдар, әдіскерлер және тәжірибелі педагогтер:

·  оқу мен оқыту сапасын арттыруға арналған әдістемелік тәсілдер мен заманауи технологияларды ұсынды;

·  бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, өз тәжірибесін жинақтау арқылы рефлексивті дағдыларын қалыптастыру мәселелерін талқылады;

·  білім беру сапасын жақсартуға бағытталған өзекті идеялары мен тиімді әдістерін ортаға салды.

Тәжірибелік бағытта педагогтер:

·  бастауыш сыныпты оқытудың өзекті мәселелерін талқылап, практикалық шешімдер ұсынды;

·  жоғары оқу орындары мен орта білім беру ұйымдары педагогтері арасында мәдени және рухани байланысты нығайтуға бағытталған тәжірибе алмасу алаңын құрды;

·  инновациялық педагогикалық тәжірибелерді көрсету арқылы оқу сапасын арттыру және кәсіби құзыреттілікті дамыту жолдарын тәжірибеде көрсетті.

Конференция барысында педагогтар жаңа идеялар мен тиімді әдістерді талқылап, тәжірибелі мұғалімдердің жетістіктерімен танысып, заманауи білім беру үдерісіне бейімделу жолдарын қарастырды. Бұл іс-шара бастауыш білім беру саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуға, педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамытуға және оқу-тәрбие үрдісін жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Аталған конференция педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, инновациялық педагогикалық тәжірибелерді таратуға және білім беру сапасын жүйелі түрде жақсартуға үлес қосты. Сонымен қатар, мұндай кездесулер ұстаздарға шығармашылық ынталандыру беріп, бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім берудің жаңа әдістерін қолдануға септігін тигізеді.