Өскемен қаласында «Дарын лагері аясында» Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық «Жас жол инспекторлары слётінің» салтанатты ашылуы өтті.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл слёт балалар арасында жол-көлік оқиғаларын азайту және жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыра отырып, жауапкершілік пен азаматтық борыш сезімін дамытуға бағытталған.
Еліміздің 20 өңірінен келген ЖЖИ командаларымен қатар, Қырғыз Республикасының өкілдері қатысқан слётте Шымкент қаласының шәкірттері де білімі мен шеберліктерін сынға салды.
Байқауға қатысушылар бірнеше күн бойы жол қозғалысы ережелері бойынша білімдері мен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын байқатты. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Сайыстың салтанатты ашылуында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қатысушыларды құттықтап, ЖЖИ қозғалысының жастардың құқықтық санасын қалыптастырудағы маңыздылығын атады.
«Жас жол инспекторлары – бұл тек мектептік ұйымдар емес. Бұл қозғалыс жас ұрпаққа қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін сіңіруді, заң мен тәртіпке құрметпен қарауды қалыптастырады, жауапкершілікті арттырады. Слётке қатысу сіздерге жаңа білім, жарқын әсер және сенімді достар сыйлайтынына сенімдімін», - деді ол.
Шараның салтанатты ашылуында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің хоры ән шырқап, түрлі би топтары өз өнерлерін көрерменге ұсынды.
Байқау барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да құттықтау сөз алып, слёт қатысушыларына жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол ЖЖИ қозғалысына қатысушы балалар санының жыл санап артып келе жатқанын атап өтті.
«Бұл қозғалысқа қызығушылықтың артуы қуантады. ЖЖИ — бұл ең белсенді әрі саналы оқушыларды біріктіретін ұйым. Олар - біздің болашағымыз. Тәртіпті, жауапты әрі ел тағдырына бей-жай қарамайтын ұрпақ», - деді Ж.Омар.
Республикалық слёт барысында Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №68 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары жүлделі орындарды олжалады. Атап айтқанда, Рсмахан Айшуақ – «Автоқалада велосипедпен жүру» кезеңінде - ІІ орын, Бүркітбай Ғалия – «Үздік командир» кезеңінде, ІІІ орынға лайық танылды. Ал, Мақұлбек Айнұр – «Ең жас инспектор» номинациясымен марапатталды.
Іс-шара жас жол инспекторларының Гимнін орындаумен және жарыстарға ресми түрде бастау берумен аяқталды.