Шымкентте білім сапасын көтеруге бағытталған кешенді шаралар күшейтілмек

Авторы:

19.11.2025

Шымкент қаласында өткен баспасөз жиынында әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек білім сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар, қысқы жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары және әлеуметтік бағыттағы жұмыстар жөнінде баяндады. Шаһарда жылу беру маусымы қарашаның 1-інен бастап іске қосылғаны да атап өтілді.

Тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін қала әкімдігінің ресми өкілі ерекше ескертті. Өрттің алдын алу, газ бен электр құралдарын дұрыс пайдалану және жалпы қауіпсіздік талаптарын орындау маңызды екені айтылды. Қазіргі уақытта улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары газ-техникалық қызмет тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Бұдан бөлек, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жедел жәрдем мамандарын арнайы бейнежетондармен қамтамасыз ету бастамасы қолға алынғаны хабарланды. Бұл құрылғылар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтіп, көрсетілетін көмектің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қаладағы 115 жедел жәрдем бригадасының барлығын бейнежетондармен жабдықтау жоспарлануда.

Сондай-ақ Сәрсен Абайұлы білім саласындағы негізгі жаңалықтардың бірі ретінде «САПАЛЫ БІЛІМ» атты кешенді жоба әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Мектептердегі оқыту деңгейін көтеру, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамыту және цифрландыруды жолға қою – жобаның басты бағыттары. Бұл жұмысқа Білім басқармасы мен оған қарасты құрылымдар толықтай қатысады.

Жобаның түпкі мақсаты – педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ білім сапасын бақылау жүйесін жақсарту, тәрбие және басқару жұмыстарын нығайту, біліктілігі жоғары ұстаздар мен мектеп әкімшілігі өкілдерінің тәжірибесін тарату көзделуде. Қазіргі уақытта жобаның концепциясы мен іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр.

Оқушылардың функционалдық дағдыларын дамыту үшін «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» бағыттарының барлығын бірдей жетілдіруге басымдық берілмек. Бұл үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, әдістемелік сүйемелдеуді күшейту және оқу процесін заманауи талаптарға сай жетілдіру жұмыстары атқарылады.

Қазіргі білім беру жүйесінде цифрлық технологиялардың рөлі артып, жасанды интеллектті тиімді пайдалану маңызды шартқа айналып отыр. Мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, инновациялық құралдарды меңгеру және оларды оқу процесіне енгізу сапалы білімнің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты қалада бірыңғай цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастыру қажеттігі туындауда.

Туризм саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған спикер Сайрамдағы тарихи «Хызыр мұнарасында» жөндеу жүріп жатқанын айтты. Х–ХІ ғасырлардан қалған бұл сәулет ескерткіші мемлекет қорғауындағы мәдени мұра нысандарына кіреді. «Сайрам – Туризм» ұйымы бастамасымен аумақты абаттандыру, жол төсемін жаңарту, көгалдандыру, жарық орнату және демалыс орындарын жасау жүзеге асырылып жатыр.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы тарихи нысанды сақтап, туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды мақсат етеді. Бұған қоса, келушілерге арналған жаңа цифрлық шешімдер енгізу де жоспарланып отыр.

Баспасөз мәслихаты барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылымға байланысты сұрақтар қойды. Қала әкімдігі өкілдері мен тиісті басқарма мамандары әр сауалға толыққанды және нақты жауап берді.