Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және жас ғалымдарды қолдау – оқу орындарының басты мақсатының бірі. Ел ертеңін қалыптастыратын өскелең ұрпақтың ғылыми ортаға ерте араласуы олардың болашақтағы кәсіби бағдарын айқындап, интеллектуалдық әлеуетін арттыра түседі. Осы мақсатта елімізде түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, жобалар мен форумдар ұйымдастырылып, жас буынның білімге деген қызығушылығы мен зерттеушілік қабілеті кеңінен қолдау табуда.
Ағымдағы жылдың қазан айының 28 күні Шымкент қаласында мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне, жас зерттеушілер мен жас ғалымдарға арналған «Жас ғалым» атты XVII Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның гуманитарлық бағыты бойынша Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты А.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің 10 «А» сынып оқушылары Сеитхан Аяна мен Жұман Нұрай «Тарихи тұлғалар» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, жоғары деңгейді білім мен ізденіс танытқаны үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жоба «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» Қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жылдық жоспары негізінде ұйымдастырылды. Оқушылардың ғылыми жетекшісі – тарих пәнінің мұғалімі М.А.Баймұрат.
«Жас ғалым» XVII Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы білімді, талантты, ізденімпаз оқушылар мен жас зерттеушілерді біріктіретін маңызды алаң болып табылады. Конференцияның негізгі мақсаты – жастардың ғылыми әлеуетін дамыту, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру және олардың ғылыми бағыттағы алғашқы қадамдарына қолдау көрсету.
Сонымен қатар, А.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Туреханова Ақтолқын Төлегенқызы да «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылған «Медиация – татулық тірегі» атты форумға белсенді қатысқаны үшін Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің арнайы сертификатымен марапатталды. Бұл марапат ұстаздың қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту ісіне қосқан зор үлесін айқындай түседі.
Аталмыш жетістіктер – оқу орнының білім сапасын арттыруға, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулуға және педагогтардың кәсіби біліктілігін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да жас зерттеушілерге қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасай бермек.