Астанада Республикалық ұстаздардың тамыз конференциясы аясындағы панельдік секциялар жұмысы жалғасуда. SANA BILIM ғимаратында «Әдістемелік орталықтар: дамудың жаңа парадигмасы» секциясы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қосымша білім беру саласының педагогтері, облыстық және қалалық әдістемелік орталықтардың басшылары, аудандық кабинеттердің меңгерушілері, білім басқармаларының мамандары, тірек және шағын жинақты мектеп директорлары, педагогтер мен сарапшылар қатысты. Олар білімнің болашағын талқылап, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтсақ, Ваучерлік жаңа жобаны енгізу тетіктері (С.А. Ибраева) Көшбасшылықты дамыту жолдары (Д. Ильясова),Оқушының кәсіби бағытын айқындауда өзін-өзі басқару рөлі (Ж.Г. Аскарова),Туристік-өлкетану қызметіне халықаралық тәжірибені енгізу (А. Құрымбаев)тақырыптары көтерілді.
Аталмыш жиынға Шымкент қаласы білім басқармасы, №2 Оқушылар сарайынан БАҚ бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Сүлейменқызы да қатысып, алдағы оқу жылының жұмыс ерекшеліктерін айқындауға, жоспарлауға бағыт алды.
Онлайн және офлайн форматтағы іс-шарада 1500-ға жуық ұстаздар тәжірибе алмасу мен жаңа идеяларды бірге талқылады. Секция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы қатысып,әдістемелік орталықтардың білім беру жүйесіндегі маңыздылығына тоқталды. Ол бұл орталықтардың педагогтерге сапалы әдістемелік қолдау көрсетіп, мектептердегі білім сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Министр сондай-ақ орталықтардың кадрлық әлеуетін күшейту, мүмкіндіктерін дамыту және әдістемелік қызметке білікті мамандарды тарту қажеттігін ерекше баса айтты.
Сондай-ақ секция барысында қатысушылар әдістемелік қызметті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, мұғалімдерді қолдаудың және олардың кәсіби өсуін қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін талқылады. Әдістемелік орталықтардың білім сапасын арттырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Күн тәртібінде орта білім беруді дамытудың стратегиялық басымдықтары, әдістемелік орталықтардың білім беру экожүйесіндегі орны, басқарушылық шешімдер қабылдауда PISA зерттеулері деректерін пайдалану тәжірибесі, өңірлік жетістіктер, сондай-ақ EdTech пен жасанды интеллект құралдарын енгізу мәселелері қамтылды. «Ұлттық сарапшы» жобасы қатысушыларға жеке бағыт ретінде таныстырылды.
Бағдарламаның екінші бөлігі кейс-сессиялар форматында өтті. Онда өңірлік көшбасшылық пен стратегиялық басқару, табысты білім беру ортасын қалыптастырудағы мектеп басшылығының рөлі, әдістемелік орталықтың аймақ дамуының драйвері ретіндегі маңызы және педагогтерді қолдау экожүйесін қалыптастыру тақырыптары талқыланды.
Бүгінде Қазақстанда 20 облыстық және қалалық әдістемелік орталық пен 205 аудандық кабинет жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам әдіскер қызмет атқарады.