Білім беру саласында жаңа технологияларды меңгеру мен оларды оқу процесіне тиімді енгізу – қазіргі педагогтің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе STEM және робототехника бағыттары оқушылардың инженерлік ойлауын дамытып, жаңашыл идеяларға бейім тұлға қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Осы бағыттағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында арнайы практикалық оқыту алаңдары мен біліктілікті арттыру курстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
«Өрлеу» Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтында 2025 жылғы 7 қараша күні орта білім беру ұйымдарының жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсы аясында «STEM және робототехника бағытында заманауи мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі» тақырыбында мазмұны бай, тәжірибеге бағытталған шебер-сынып өтті. Шебер-сыныптың мақсаты – STEM және робототехника бағытында мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы білім алушылардың инженерлік, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағыт беру болды. Іс-шара барысында қатысушыларға STEM-білім берудің теориялық негіздері мен практикалық қолдану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Робототехника элементтерін пайдалану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, пәнаралық байланыс орнату және заманауи цифрлық ортада тиімді оқыту әдістерін ұйымдастыру тәжірибелері көрсетілді.
Практикалық бөлімде мұғалімдер LEGO Education, Arduino және басқа да робототехникалық платформалармен жұмыс істеп, қарапайым робот модельдерін құрастыру және бағдарламалау тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ, 3D модельдеу, датчиктерді қолдану және цифрлық құралдарды оқу үдерісіне кіріктіру бағытында тәжірибелік жұмыс жүргізілді.
Қатысушылар STEM-жобаларды жоспарлау кезеңдерімен, оқушылардың инженерлік ойлау қабілеттерін дамыту әдістерімен және цифрлық құралдарды пәнаралық сабақтарға кіріктіру жолдарымен танысты. Шебер-сынып нәтижесінде мұғалімдер:
• STEM және робототехника бағыттарының өзара байланысын нақты түсінді;
• Цифрлық құралдар мен робототехникалық құрылғыларды оқу процесінде қолдану бойынша практикалық дағдылар қалыптастырды;
• Жобалық және шығармашылық жұмысты ұйымдастыруда инновациялық тәсілдерді игерді;
• Өз кәсіби қызметінде цифрлық құзыреттілікті жетілдірудің жаңа бағыттарын айқындады.
Бұл іс-шара мұғалімдердің кәсіби дамуына, заманауи білім беру үрдісіндегі жаңа технологияларды тиімді қолдануына және болашаққа бағытталған STEM мәдениетін қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.