ЖИ немесе цифрлық дәуірге қадам: білім ордасындағы онкүндік

Авторы:

10.11.2025

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында пəндік бірлестіктер оқу-тəрбие үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу бағытында ұйымдастырылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бірі – физика-информатика пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Болашақ технологиясы: жасанды интеллект әлемі» атты онкүндік. Мұндағы мақсат – оқушылардың ғылыми ойлау қабілетін дамыту, заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект әлеміне деген қызығушылығын арттыру. Онкүндік барысында бірлестік мұғалімдері жоспарланған оқу үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізе отырып, жоғары деңгейде ашық сабақтар өткізді. Атап айтар болсақ, физика пәні бойынша Сыхымова Тұрсынай «Идеал газ. Газдардың молекулалық-кинетикалық теорияның негізгі теңдеуі. Практикалық жұмыс №4: сапалық және мәтіндік есептер шығару» тақырыбында мазмұнды сабақ ұйымдастырса, информатика пәнінің мұғалімдері де түрлі бағыттарда тәжірибелік білімді тереңдететін сабақтар өткізді:

– Мусабекова Бахира – «Пайдаланушы функциялар мен процедуралар»;

– Танабаева Жібек – «Мәтіндік процессордағы кесте»;

– Кожабекова Макпал – «Деректер базасы»;

– Сарсенбаева Улжалғас – «Статистикалық мәліметтер»;

– Баймбетова Жанар – «Пернетақтамен танысу»;

– Умирбекова Айгүл – «Ойынның сценарийі»;

– Байсариева Махаббат – «3D редактор».

Сабақтардың барлығы оқушылардың көңіл-күйін көтеріп, жағымды эмоциялық орта қалыптастыру мақсатында «Жүректен жүрекке», «Менің көңіл-күйім» әдістерімен басталды. Бұл әдістер оқушылардың еркін ой айтуына, бір-біріне қолдау көрсетіп, ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуына ықпал етті.

Оқу үдерісін жандандыру мақсатында мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданды. D-ID, ChatGPT, KlingAI, Sora платформалары арқылы тұлғаларды сөйлету, жаңа тақырыпты интерактивті түрде ашу, тапсырмалар мен викториналар құрастыру жүзеге асырылды. Сонымен қатар Wordwall, Claude.ai, LearningApps, To Teach AI, Canva, Random, QR-код сияқты платформалар арқылы сәйкестендіру, деңгейлік тапсырмалар, логикалық ойындар орындалып, оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті.

Сабақтар топтық, жұптық және жеке жұмыс түрлерін үйлесімді қолданумен ерекшеленді. Мұғалімдер оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, сөйлеу мәдениеті, кәсіби шеберлігі мен тиімді әдістемелік шешімдерін көрсете білді. Рефлексия мен кері байланыс үздіксіз жүргізіліп, білім алушылар сабақ соңында өз пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік алды.

Жалпы онкүндік барысында барлық іс-шаралар жүйелі түрде, жоғары жауапкершілікпен өткізілді. Онкүндік білім алушылардың ақпараттық-коммуникациялық құзыреттілігін арттырып қана қоймай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану мәдениетін қалыптастыруға үлкен серпін берді.