Бүгінгі таңда білім беру жүйесі тек дәстүрлі білімді ғана емес, сонымен қатар цифрлық ойлау дағдыларын, инновациялық шешімдер қабылдау қабілетін және жаңа технологияларды меңгеруді де талап етеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарына үлкен міндет жүктеліп отыр. Бұл жыл жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, цифрландыру дәуірінде сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Осы орайда Шымкент қаласының Политехникалық колледжінде оқу-тəрбие үдерісін жаңғырту, цифрлық мәдениетті арттыру және жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану бағытында «Digital Kazakhstan: жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби шеберлік» атты колледжішілік конференция өтті. Іс-шара педагогтар мен IT саласының мамандарын біріктіріп, білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды интеграциялаудың тың бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.
Конференция цифрландыру, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллектті қолдану және заманауи цифрлық құралдардың білім берудегі рөлі туралы өзекті тақырыптарды қамтыды. Іс-шараны колледждің әдістемелік орталығы, сондай-ақ «Электроника және ақпараттық жүйелер» мен «Бағдарламалау және АЖ» пәндік-циклдік комиссиялары бірлесіп ұйымдастырды. Педагогтар мен мамандар ақпараттық технологиялар саласындағы жаңа бағыттармен танысып, ЖИ артықшылықтарын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Әрбір спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, білім үдерісін жаңғыртуға арналған құнды ұсыныстарын ортаға салды.
Баяндамашылар мен спикерлер:
• Бабашов Асан Бақытұлы – колледж директорының ғылыми және әдістемелік жөніндегі орынбасары, «Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне интеграциялау» тақырыбында шеберлік сағаты;
• Қайрат Нұрбақыт Қайратұлы – арнайы пән оқытушысы, «IT мамандары күні: цифрлық трансформация және ұлттық даму» баяндамасы;
• Әбдімүтәліп Қарлығаш Қуанышқызы – арнайы пән оқытушысы, «Google құралдары — оқытушының цифрлық көмекшісі» шеберлік сағаты;
• Бақбергенов Қайрат Жарылқысынұлы – арнайы пән оқытушысы, «Жасанды интеллект платформалары (Kimi, Jeo party, Baamboozle, Wheel of names)» шеберлік сағаты;
• Аширбаева Әсел Нұрғалиқызы және Досмаилов Берік Мұхтарұлы – «eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін қызметтер» тақырыбында шеберлік сағаты;
• Семеи Аяулым Нұрболқызы – «Diggit және Napkin жасанды интелектерін пайдалану» шеберлік сағаты;
• Сұлтанбекова Гүлнұр Сылқымбекқызы және Идия Айжан Дәулетқалиқызы – «Curipod негізіндегі жасанды интеллект құралдарының білім алушы белсенділігін арттырудағы дидактикалық мүмкіндіктері» шеберлік сағаты.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық қатысушыларға кәсіби тұрғыдан жаңа серпін берді. Педагогтар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен шабыттанды, ал студенттер цифрлық ортада жұмыс істеудің маңызын тереңірек түсінді. Конференция колледждің инновациялық бағыттағы даму стратегиясын нығайтып, цифрландыру үдерісіне жаңа тыныс берді.