Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қазақтың ұлтжанды тұлғасы, тұңғыш роман авторы, ақын, публицист, ағартушы және қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына орай жас ұрпақтың бойына елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, Алаш арыстарының өмір жолы мен мұрасын насихаттау, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында бірқатар тәрбиелік және танымдық іс-шаралар өткізілді. Осы бағытта мектеп кітапханашылары Мамашарипова Умида мен Сейілова Маржан «Міржақып Дулатов және Алаш идеясы» тақырыбында мазмұнды кітап көрмесін ұйымдастырып, онда жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі деректер, фотосуреттер, еңбектер мен зерттеу материалдары қойылды.
Көрмеге келген оқушылар мен мұғалімдер ұлт қайраткерінің әдеби және қоғамдық қызметімен танысып, оның қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік рухына тәнті болды. Оқушылар үшін кітапханаға танымдық саяхат ұйымдастырылып, кітапханашылар Міржақып Дулатовтың өмір жолы мен еңбектеріне шолу жасап, «Оян, қазақ!» идеясының мән-маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында оқушылардың белсенділігі жоғары болды. Олар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұлт көсемдерінің идеяларының бүгінгі күнмен байланысын талқылады.
Сонымен қатар, ерлік пен отансүйгіштік рухын дәріптеу мақсатында мектепте көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің 110 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өткізілді. Ол Панфиловшылар дивизиясының саяси жетекшісі ретінде ерлік көрсетіп, Мәскеу түбіндегі шайқастарда ерекше көзге түскен. Соғыстан кейін әдебиет пен фольклорды зерттеуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосты. Қазақ халқының батырлық рухын, ауыз әдебиетін жинақтап, зерттеген еңбектерімен де белгілі.
Мерейтой аясында мектеп кітапханашылары Мамашарипова Умида, Сейілова Маржан «Ұлт рухын көтерген тұлға» тақырыбымен арнайы көрме ұйымдастырса, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Есболғанова Эльмира, Ильясова Бибігүл және Бейсенбай Сымбат «Мәңгілік рух» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысын өткізді. Сайысқа 7-10 сынып оқушылары қатысып, Мәлік Ғабдулиннің өмірі мен ерлігін, сонымен қатар Отанға деген сүйіспеншілікті, батырлықты жырлайтын шығармалардан үзінділер оқыды. Оқушылардың дауыс ырғағы, сахна мәдениеті мен көркем мәтінді жеткізу шеберлігі әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтып, жеңімпаздарға мақтау қағаздарын табыстады.