Оқушыларға арналған психологиялық қолдау тренингі ұйымдастырылды

Авторы:

13.11.2025

Қоғамдағы түрлі әлеуметтік құбылыстар, соның ішінде агрессия, нәсілдік алалау, эмоциялық тұрақсыздық сияқты мәселелер жасөспірімдер ортасында да көрініс тауып отырады. Мұндай жағдайларда мектеп психологтарының алдын алу, түсіндіру, дұрыс мінез-құлық стратегияларын қалыптастыру бағытындағы жұмысы ерекше маңызды. Осы мақсатта жасөспірімдердің эмоциялық мәдениетін дамыту, өзін-өзі басқару және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тренингтер тиімді құралдың бірі болып табылады.

Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №75 мектеп-гимназиясының педагог-психологы А. Бекманова білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар шеңберінде 9-сынып оқушыларымен «Агрессия мен нәсілдік алалаудың стратегиялары» тақырыбында психологиялық тренинг жүргізді. Тренингтің мақсаты – оқушылардың өз эмоциясын тану, реттеу, бейбіт жолмен білдіру дағдыларын қалыптастыру арқылы мектептегі жағымды психологиялық климатты нығайту, сонымен қатар агрессияның алдын алу жолдарын үйрету.

Қазіргі қоғамда балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктері, эмоциялық тұрақтылығы, стресске қарсы тұру және өз-өзін басқару қабілеттері маңызды факторлардың бірі болып саналуда. Әсіресе агрессия – мектеп ортасында жиі кездесетін психологиялық құбылыстардың бірі. Осыған байланысты тренинг барысында оқушыларға агрессивті мінез-құлықтың түрлері, оның себептері және алдын алу жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Оқушылар эмоцияны басқару және агрессияны бейтараптандыруға бағытталған психологиялық жаттығуларға белсенді қатысты. Атап айтқанда:

  • «Ашу шарлары» – жағымсыз эмоцияны қауіпсіз жолмен шығару техникасы;
  • «Мен ерекше адаммын» – өзін-өзі тану және бағалау дағдысын дамытуға арналған жаттығу;
  • «Қолдаудың күші» – бір-бірін қолдау, түсіну және ұжымдағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға арналған жұмыс.

Тренинг барысында оқушылар ашық пікір алмасып, өз ойларын мәдени түрде жеткізуге, бір-бірін тыңдауға және құрмет көрсетуге үйренді. Соңында қатысушылар кері байланыс беріп, өз сезімдері мен алған әсерлері туралы бөлісті. Тренинг оқушыларға пайдалы ақпарат пен тәжірибелік дағдылар беріп, жағымды эмоционалдық атмосферада өтті және  жасөспірімдердің тұлғалық дамуына оң ықпал етіп, олардың қауіпсіз және бейбіт мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруына мүмкіндік берді.