Қазіргі қоғамның даму деңгейі жастардың саналы ойлауына, құқықтық мәдениетіне және өмірлік ұстанымдарына тікелей байланысты. Ел болашағын қалыптастыратын өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайту өте маңызды. Бұл бойынша білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастарды қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуға бағыттайтын түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
2025 жылдың 13 қарашасы күні Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледжінде жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Адал ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттерге сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер кері әсері, нашақорлықтың зияны және адал еңбектің маңызы туралы кең көлемді ақпарат беріліп, ашық пікір алмасу өтті.
Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің мүшесі Асан Жазира Тілеубергенқызы, Шымкент қаласы заңгерлер палатасының заңгері Мырзабай Нұрлан Әлжанұлы, сондай-ақ жоғары техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен жұмыс бөлімінің инспекторы Ақанқызы Айгерім қатысты. Спикерлер жастарға құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың бойына адалдық, әділдік, жауапкершілік секілді құндылықтарды сіңіру, жастарды қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптастыруға ынталандыру. Сонымен қатар қатысушыларға өз болашағына саналы көзқараспен қарау, теріс әрекеттерден аулақ болу және құқықтық мәдениетті нығайту туралы түсінік беру.
Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай қалыптастыру керектігі жөнінде кеңестер алды. Сондай-ақ, жастар арасында жиі кездесетін құқықтық қателіктер, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік, күнделікті өмірде адалдық танытудың қарапайым жолдары туралы кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, аталған оқу орнында жастардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, болашақ мамандығына деген қызығушылығын дамыту мақсатында бірқатар өндірістік-танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылуда. Жуырда колледж студенттері Орталық Азиядағы ең ірі трансформатор зауыты болып саналатын «Asia Trafo» өндірістік базасына экскурсияға қатысып, өндірістік процестермен, заманауи технологиялармен танысты. Өндірістік оқыту шеберлері Лачилова Оксана Витальевна және Шарипбаев Валихан Толқынұлы студенттердің экскурсия барысында машықтарын жетілдіруін бақылады. Іс-шараны колледж директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Абдуллаев Нурболат Асылбекұлы ұйымдастырды. Экскурсия студенттерге өндіріс әлемін тікелей көруге және кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік берді.