«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша КДИ базасында Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті және Шымкент қаласының білім басқармасының Әдістемелік орталығы бірлесіп, «Қысқа мерзімді жоспарды жазу талаптары және оны тиімді ұйымдастыру жолдары» тақырыбында кеңейтілген әдістемелік кеңес өткізді. Іс-шараның мақсаты – нормативтік құқықтық құжаттар негізінде мұғалімдерге міндетті құжаттар тізбесімен жұмыс жасау тәртібін нақты түсіндіру, сондай-ақ қысқа мерзімді жоспардың құрылымы мен оны әзірлеуге қойылатын талаптарды айқындап, тиімді ұйымдастыру жолдарын көрсету. Кеңеске меншік түріне қарамастан 300-ге жуық қаланың білім беру ұйымдарының директорлары, директордың орынбасарлары және педагогтері қатысты.
Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Б.Умарова «Орта және арнаулы білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті құжаттардың тізбесі» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шара барысында «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша КДИ директоры Меруерт Медетбекова «Білім беру ұйымдарында ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құндылықтарды пән мазмұнына кіріктіру мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Жарқынай Арысбаева педагогтерге қысқа мерзімді сабақ жоспарын құрастыруға қойылатын әдістемелік және мазмұндық талаптарды түсіндіріп «Қысқа мерзімді жоспарды құрастыруда саралап оқытуды жүзеге асыру» баяндаманы ұсынды және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №130 бұйрығында айқындалған негізгі нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстырды.
Сондай-ақ жоспарды тиімді ұйымдастырудың практикалық жолдары ұсынылып, кәсіби құзыреттілікті арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, кеңейтілген әдістемелік кеңес «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша КДИ, Шымкент қаласының білім басқармасының Әдістемелік орталығы және Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің әлеуметтік парақшалары арқылы «Instagram» тікелей эфирінде көрсетілді. Кеңейтілген әдістемелік кеңестің шешімі бірауыздан қолдау танылып әр мектепшілік педагогикалық кеңеске талқылауға ұсынылды. Кеңес мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, жоспарлау дағдыларын жетілдіруге және оқу үдерісінің сапасын арттыруға оң ықпал етті.