«WeGlobal AI» – мектеп психологтарына арналған жаңа платформа

Авторы:

17.11.2025

Бүгінгі білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды енгізу мен педагогтар мен білім алушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру маңызды бағыттардың біріне айналды. Жуырда Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында қала мектептерінің директорлары, педагог-психологтары және кәсіби бағдар беруші мамандарға арналған оқу семинары өткізілді. Бұл шара – Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығының педагогтердің кәсіби құзыреттілігін көтеру және заманауи цифрлық платформаларды тиімді қолдануға үйрету бағытында іске асырып жатқан жұмыстардың бірі. Семинар барысында қатысушыларға психологтардың жұмысын оңтайландыруға арналған «WeGlobal» автоматтандырылған пилоттық жобасының мүмкіндіктері мен оның білім беру үдерісіндегі маңызы таныстырылды.

Жиынға «Психологиялық қолдау орталығы» директордың міндетін уақытша атқарушы Ж.Төлеген және әдістемелік бөлім басшысы Д.Б.Орынбекова қатысып, «WeGlobal.ai» компаниясының атқарушы директоры Камал Даниярды қатысушылармен таныстырды. Камал Данияр өз сөзінде жаңа платформа жұмысы жөнінде бағыт-бағдар беріп, қажетті мағлұматпен бөлісті.

«WeGlobal AI» – бұл жасанды интеллектті қолдана отырып, мансаптық кеңес беру және жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін платформа. Ол оқушыларды мамандық таңдаудан бастап құжат тапсыруға дейінгі барлық кезеңдерде қолдайды. Платформаны мектеп психологтары кәсіптік бағдар беру және психологиялық тесттер үшін белсенді пайдаланады. Мұнда оқытушылар мен эдвайзерлерге арналған жекелендірілген нұсқаулықтар мен аналитикалық құралдар да қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, «WeGlobal» жобасы педагог-психологтардың деректерді өңдеуін жеңілдетіп, құжат айналымын цифрландыру арқылы уақытты тиімді пайдалануға ықпал етеді. Бұл платформа білім беру ұйымдарында цифрлық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи құрал ретінде қолданылмақ.

Семинар соңында қатысушылар жаңа платформаның мүмкіндіктерімен жан-жақты танысып, оны практикалық жұмыста қолданудың тиімді тұстарын талқылады. Алдағы уақытта мұндай оқыту жұмыстары өз жалғасын тауып, білім беру саласында жаңашылдықтарды жүйелі енгізуге қолдау көрсетілмек. Аталған платформа білім беру үдерісінде заманауи технологияларды тиімді қолдануға бағытталған пилоттық жобалардың үлгісі болып қала береді.