Ұлт поэзиясы тұлғасының мұрасы насихатталған кеш

Авторы:

18.11.2025

Қазақтың өнер тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі – ақын, әнші, сазгер, домбырашы Иса Байзақов. Оның шығармашылығы ұлттық поэзияның дамуына тың серпін беріп, желдірме жанрының өріс алуына ерекше ықпал етті. Биыл дара дауысты, дауылпаз жүректі өнер тарланының туғанына 125 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай ел ішінде түрлі мәдени, әдеби және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлт руханиятына қосқан мұрасы кеңінен насихатталуда.

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында ақынның туғанына 125 жыл толуына орай «Иса Байзақовтың ақындық поэтикасы» атты әдеби талқылау кеші өтті. Аталған кешке М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының, Шымкент көлік колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сейдирова Шолпан мен кітапхана меңгерушісі Қаракөз Жакипова студенттерімен бірге, №6 Ж.Баласағұн атындағы мектептің ұстазы Ешмахова Айгүл шәкірттерімен, Саз колледжінің студенттері және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің жас өнерпаздары қатысты.

Иса Байзақов – болмысы бөлек, бірнеше өнерді бойына тоғыстырған, сал-серілік дәстүрдің жалғастырушысы, ұлт руханиятының мәртебесін асырған тұлға. Дауылпаз ақынның шығармашылығы тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті екенін іс-шараға қатысқан қонақтар Ешмахова Айгүл мен Орынтай Аружан өз сөздерінде атап өтті. Ақын шығармашылығының ажырамас бөлігі – желдірме. Желдірменің түп негізіндегі қуаныш, шаттық пен көтеріңкі пафос кеш қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Ү.Батырхан, С.Ұлан, Б.Нұрдәулет, Ж.Байбатыр сынды Саз колледжінің студенттері «Желдірме» әнін әсем нақышпен орындап, Иса Байзақовтың өнерін жоғары деңгейде таныта білді.

Жүсіп Баласағұн мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, оның тілдік ерекшелігі мен поэтикалық стиліне тоқталса, кітапханашы қыздар ақынның поэмаларына талдау жасады. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің шәкірттері Абеков Алмат пен Әбілда Марғұлан тыңдарманға «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін тарту етіп, кештің рухани дәрежесін арттыра түсті. «Сәйгүлік» рухты әнін «Болашақ» мектебінің оқушысы Б. Серікбай тебірене орындады.

Іс-шара барысында Иса Байзақовтың өршіл рухты жырлары, сырлы әндері мен ұлттық поэтиканың інжу-маржандары шырқалып, ақынның рухани мұрасы жан-жақты талқыланды.

Кеш соңында өнерпаз оқушылар мен белсенді қатысушылар марапатталып, Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейлі тойына арналған мәдени-әдеби шара жоғары деңгейде қорытындыланды. Бұл игілікті шара жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген құрметін арттырып, Иса Байзақовтай ұлы тұлғалардың шығармашылық мұрасын кейінгі буын санасына сіңіруге зор ықпал етті.