Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен жұмыс – қазіргі білім беру жүйесінің маңызды әрі жауапты бағыттарының бірі. Мұндай балалардың даму ерекшеліктері, оқу қарқыны мен қабылдау деңгейі өзгеше болғандықтан, оларға жеке, қолжетімді және икемді білім беру ортасын қалыптастыру қажет. Инклюзивті білім беру қағидаттары әрбір баланың мүмкіндігіне қарай білім алуға толық қатысуын қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан педагогтар, психологтар және ата-аналар өзара бірлесіп, оқушылардың әлеуетін ашуға, әлеуметтік бейімделуін қолдауға және тұлғалық дамуына жағдай жасауға тиіс.
Аталған бағыт бойынша Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лиецейінде «Ерекше білімді қажет ететін оқушылармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында инклюзивті білім беруді дамытуға арналған мектепішілік әдістемелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты педагогтерге ЕББҚ оқушыларымен жұмыстың мазмұны мен бағыттарын жан-жақты түсіндіру, тиімді әдіс-тәсілдермен таныстыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және инклюзивті ортадағы педагогикалық өзара әрекеттестікті күшейту болды.
Іс-шара барысында:
· Ерекше білімді қажет ететін оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру үдерісін даралау және саралау тәсілдері талқыланды;
· Педагог-дефектолог, педагог-логопед, педагог-ассистент және пән мұғалімдерінің бірлескен жұмыс алгоритмдері, міндеттері және қолдау көрсету бағыттары бойынша әдістемелік ұсыныстар берілді;
· Ресурстық кабинет қызметінің тиімділігі, Жеке оқу бағдарламаларын (ЖОБ) әзірлеу мен іске асыру барысындағы өзара ынтымақтастық, түзету-педагогикалық қолдаудың жүйелілігі мен маңызы кеңінен түсіндірілді;
· Инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға негіз болатын нормативтік-құқықтық құжаттар, заманауи педагогикалық модельдер және халықаралық тәжірибелерге сүйенген әдістер таныстырылды.
Сонымен қатар, педагогтер ерекше білімді қажет ететін оқушылардың оқу жетістіктерін әділ бағалау жүйесі, позитивті мінез-құлықты қалыптастыру стратегиялары, ата-аналармен серіктестік қарым-қатынас орнату жолдары, сондай-ақ білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету тетіктері бойынша өзара тәжірибе алмасты. Пікір алмасу барысында мұғалімдер инклюзивті сыныптағы жиі кездесетін жағдайларды талдап, оны шешудің тиімді тәсілдерімен бөлісті.
Мұндай іс-шаралар инклюзивті білім беру саясатын іске асыруда ерекше маңызға ие. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігі, әдістемелік дайындығы және қолдаушы ұстанымы артқан сайын мектепте әрбір оқушыға қолайлы, қауіпсіз, тең мүмкіндіктерге ие орта қалыптасады. Бұл – білім беру ұйымының дамуына ғана емес, әр баланың әлеуетін ашуға бағытталған үлкен қадам.