2025 жылдың 17-21 қараша аралығында Астана қаласында №100 жалпы орта мектебі базасында «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен республиканың білім беру ұйымдарының 11-12 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы XVIII Президенттік олимпиада өтті. Олимпиаданың мақсаты:
🔹 математика, физика, химия, биология пәндерінен дарынды оқушыларды анықтау;
🔹 олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасау;
🔹 кәсіби бағдарлау мен ғылыми қызығушылықты арттыру.
Биылғы финалдық кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен 201 үздік оқушы қатысып, олардың тек 25%-ы ғана жүлделі орындарға ие болды. Шымкент қаласының да аймақ абыройын қорғаған зияткер оқушылары олимпиадаға қатысып, сертификаттармен марапатталды.
Ерекше қуанышты жаңалық – Шымкент қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының оқушысы Абдыбек Бақберген жоғары нәтиже көрсетіп, ІІІ орын (қола медаль) иеленді. Бұл жетістік – Шымкент жастарының ғылымға деген қызығушылығының, білімге деген талпынысының және өз мүмкіндіктерін шыңдауға деген ұмтылысының айқын дәлелі. Сонымен қатар, бұл жеңіс қаламыздағы педагогтердің біліктілігі мен оқушыларды ғылыми жұмыстарға дайындау жүйесінің нәтижесі деп бағалауға болады.
Қала және мектеп әкімшілігі Абдыбек Бақбергенді және оның жетекшілерін құттықтап, одан әрі ғылыми-зерттеу бағытында табысты жұмыстар тіледі. Мұндай жетістіктер жастардың жаңа биіктерге ұмтылуына шабыт беріп, Шымкенттің білім саласындағы абыройын арттырады.
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының белсенді жұмысы олардың түрлі деңгейдегі жетістіктерімен дәлелденеді.
Оқушылардың жетістіктері:
- Халықаралық деңгейдегі сайыстардың жүлдегерлері: 17;
- Республикалық деңгейдегі сайыстардың жүлдегерлері: 19;
- Қалалық деңгейдегі IT бағытындағы сайыстардың жүлдегерлері: 11;
- Түрлі интеллектуалдық онлайн байқаулардың жүлдегерлері: 161;
- Қалалық деңгейдегі сайыстардың жүлдегерлері: 111;
Педагогтердің кәсіби жетістіктері де жоғары бағаланады:
- Республикалық деңгейдегі конкурстардың жеңімпаздары: 5;
- Қалалық деңгейдегі конкурстардың жеңімпаздары: 18;
- Жарық көрген авторлық жұмыстар: 8;
- Жарық көрген әдістемелік басылымдар: 12;
- Түрлі интеллектуалдық конкурстардың жеңімпаздары: 28.
Мұндай нәтижелер лицейдің оқушылар мен мұғалімдер үшін шығармашылықты, ғылыми ізденісті және инновациялық білім беруді дамытуға бағытталған жүйелі жұмысын айқындайды. Оқу орнындағы табыстар мен жетістіктер – Шымкент қаласының білім саласындағы беделін арттырып, әрбір оқушының потенциалын толық ашуға мүмкіндік береді.