Қазіргі заманауи білім беру жүйесі оқушылардың тек білім алуын ғана емес, олардың жан-жақты қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталып отыр. Мектеп – әр баланың тұлғалық дамуының алғашқы қадамдары жасалатын орта, ал осы ортаны жандандырып, оған жаңа серпін беретін бастамалардың бірі – мектепішілік медиа жобалар. Осындай тың жобалардың бірі ретінде Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №149 жалпы орта білім беретін мектепте «149 LIVE» атты мектептік телестудия өз жұмысын бастады.
Бұл – тек жаңалық тарататын платформа ғана емес, оқушылардың үнін, ойын, көзқарасын жеткізетін, олардың белсенділігін арттырып, шығармашылық мүмкіндіктерін ашатын жаңа буын медиа алаңы. «149 LIVE» оқушылардың медиамәдениетін қалыптастырып, заманауи ақпараттық ортада еркін жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Бұл – оқушы үнінің естілуі, идеялардың жүзеге асуы, мектеп өмірінің шынайы көрінісі.
«149 LIVE» – өзін-өзі басқару ұйымының жаңа деңгейге көтерілуі, оқушылардың медиалық сауаттылығы мен көшбасшылық қабілетін ұштайтын мүмкіндік алаңы. Телестудияның басты мақсаты:
· Мектептегі маңызды оқиғаларды дер кезінде жариялау;
· Оқушылардың бастамаларын қолдау;
· Ұлттық құндылықтарды насихаттау;
· Жас ұрпақты белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеу.
«149 LIVE» эфирінде:
· Жаңалықтар мен репортаждар;
· Сұхбаттар мен пікірталастар;
· Мәдени-танымдық бағдарламалар;
· Білімге, өнерге, патриотизмге бағытталған жобалар ұсынылады.
Бұл – әрбір оқушының өз мектебіне деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін, ойы мен шығармашылығын еркін көрсете алатын бірегей алаң. «149 LIVE» жобасы – жас көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Сонымен қатар, аталған мектептің 8 «К» сыныбында «TV programmes» тақырыбында мазмұны мен ұйымдастырылуы жағынан ерекше ашық сабақ өтті. Сабақты мұғалім М.У.Турганбаева жоғары деңгейде жүргізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданды. Сабақ барысында оқушылар әртүрлі телебағдарламалардың түрлерін талқылап, олардың мазмұны мен ерекшеліктері туралы өз ой пікірлерін еркін жеткізді. Сондай-ақ, жаңа тақырыпқа байланысты терминдерді меңгеріп, сөйлеу дағдысын дамытты. Мұғалім сабақта оқушылардың пікірлерін тыңдап, бағыт-бағдар беріп, олардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті.