Мектептегі әскери-патриоттық тәрбие – оқушылардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырып, Отанға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласының білім басқармасының З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде танымдық және тәрбиелік маңызы зор іс-шара ұйымдастырылды. Білім ордасының 10 сынып оқушылары Шымкенттегі 6506 әскери бөлім өткізген Ашық есік күніне қатысып қайтты. Шараны мектептің АӘД пәнінің мұғалімі В.Е.Феодоров ұйымдастырды.
Іс-шара барысында оқушылар әскери бөлімнің құрылымымен, қызметімен және әскери қызметшілердің күнделікті дайындығымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ бөлім аумағын аралап, әскери өмірдің ішкі тәртібімен, әскери жарғылардың рөлімен және сарбаздардың жауапкершілігімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Оқушыларға заманауи әскери техника мен қару-жарақ үлгілері таныстырылып, олардың қолданылу ерекшеліктері жайлы мамандар түсініктеме берді. Әскери қызметшілер оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, әскери өмірдің қиындықтары мен қызықтары, жауынгердің моральдық-психологиялық дайындығы туралы әңгімелеп өтті.
Сонымен қатар жасөспірімдерге ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметтің түрлері, әскери мамандықтар және әскери оқу орындарына түсу талаптары жөнінде ақпарат ұсынылды. Бұл оқушыларға өз болашағын жоспарлауда бағыт-бағдар берді.
Бұл таныстырылымдық сапар оқушылардың Отан қорғаушылардың еңбегін тереңірек түсінуіне, ел қауіпсіздігін сақтаудың маңызын ұғынуына үлкен әсер етті. Ашық есік күні барысында алған әсерлер олардың патриоттық сезімдерін арттырып қана қоймай, болашақ мамандық таңдауда ой салды. Мұндай іс-шаралардың жас ұрпақтың еліміздің Қарулы Күштеріне деген құрметін нығайта түсері анық.
Жалпы алғанда оқушылардың азаматтық санасын дамыту бағытындағы мұндай жұмыстар мектепте жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Соның тағы бірі – Бала еңбегін қанауға қарсы апталық аясында мектеп Парламенті ұйымдастырған сұрақ-жауап шарасы. №23 мектеп-лицейдің мектеп Парламентінің мүшесі Нұрбол Нұргелді қала тұрғындарына «10-14 жас аралығындағы балалардың жұмыс істеуі дұрыс па?» деген сауал қойып, аталған мәселеге қатысты пікір жинақтады. Осы мақсатта ол қала тұрғындарынан және оқушылардан арнайы сұхбат алып, әртүрлі көзқарастарды саралады.
Бұл іс-шара жасөспірімдердің зерттеу жүргізу, пікір алу, қоғаммен байланыс орнату дағдыларын дамытады. Әрі оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамда баланың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз дамуына жағдай жасау қажеттілігі жөніндегі түсініктің нығаюына да ықпал етеді.