Дарынды балаларды ерте кезеңнен анықтап, оларды жүйелі түрде қолдау болашақта инновациялық ойлайтын, тың идеялар ұсына алатын, ел дамуына үлес қоса алатын мамандарды тәрбиелейді. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесі оқушылардың табиғи қабілетін ашуға, олардың ғылыми-зерттеушілік, логикалық және шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған түрлі жобалар мен олимпиадаларды кеңінен жүзеге асырып келеді. Осындай кешенді қолдаудың нәтижесінде жастардың білімге деген қызығушылығы артып, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті де жылдан-жылға нығайып отыр.
Елімізде дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында 2025 жылғы 8-12 қараша аралығында «Дарын» РҒПО, «Білім-Инновация» ХҚҚ және «Edlight Academy» ұйымдарының ұйымдастыруымен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 10-12 сынып оқушыларына арналған республикалық «Қазақстан Білім Олимпиадасы» өтті.
Биылғы білім сайысына еліміздің өңірлерінен 1946 оқушы қатысып, оның ішінде 123 оқушы Шымкент қаласының білім беру ұйымдарынан бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласының дарынды жастары 3 алтын, 10 күміс, 19 қола, 22 мадақтама иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының базасында өтті. Шара барысында үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға медальдар, дипломдар мен сертификаттар табысталып, олардың жетекші мұғалімдеріне алғыс хаттар ұсынылды.
Бұл сайысқа қатысу оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ғылыми-зерттеу бағытындағы ой-өрісін дамытуға, болашақ кәсіби бағдарын айқындауға зор мүмкіндік берді. Шымкент қаласының дарынды жастары еліміздің білім кеңістігінде биік белестерді бағындырып, өздерінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл нәтиже өңірдегі білім сапасының өсіп келе жатқанын айқындап, ұстаздардың еңбегінің жемісін көрсетті.
«Қазақстан Білім Олимпиадасы» 10-11 (кей жағдайда 10-12) сынып оқушылары үшін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер (математика, физика, химия, биология, информатика, география) бойынша ұйымдастырылатын республикалық білім жарысы. Олимпиада әр жыл сайын өткізіледі және еліміздің түрлі өңірінен мыңдаған оқушы қатысады. Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды, мүмкіндігі бар оқушыларды анықтау, олардың білімін шыңдау, ғылыми-танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту және болашақта оқу, зерттеу жолын таңдауға көмек беру.