Орталық мешітте «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы өтті

Авторы:

20.08.2025

Елімізде жаңа оқу жылы жақындағанда дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл тағы да жалғасын тауып жатыр. Әр өңірлерде жыл сайын аталмыш акция аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы жанұяларға қолдау білдіріліп келеді. Бүгінгі іс-шара - соның бір көрінісі.

Осындай игі істердің бірі Шымкент қаласындағы орталық мешіт пен қалалық «Зекет» қорының ұйытқы болуымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.. Қайырымдылық іс-шара барысында қаланың бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы сөз сөйлеп, көмекке зәру 500 оқушыға мектепке қажетті құралдарын табыс етті.

Қайырымдылық акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету. Акция барысында балалар мектеп формасы мен сөмке, дәптер, қалам, т.б. заттармен қамтылды.

Осы орайда, бір айға созылған «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы қала деңгейінде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің мәліметінше, іс-шараның қорытындысы бойынша қала көлемінде 3600 отбасыға құны 7 805 100 (жеті миллион сегіз жүз бес мың бір жүз) теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай, өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуі үшін оларға осылай қуаныш пен шаттық сыйлағанның өзі жетерлік. Жүрегінде мейірім-шапағаты, имани қасиеті бар бала болашақта елімізге адал қызмет ететіні айтпаса да анық.

Аталмыш акцияда ата-аналар қауымы дән ризашылықтарын жеткізді. Шарапаты мол шараның жүзеге асуына қол ұшын созып, демеушілік танытқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз.