Ынтымақты ұжым – жайлы мектеп

Авторы:

27.11.2025

Педагогтердің бір-бірімен тиімді қарым-қатынас орната білуі, өзара тәжірибе алмасуы, кәсіби қолдау көрсетуі және ортақ мақсатқа біріге жұмыс істеуі мектептегі жалпы ахуалдың жақсаруына, оқушылардың оқу жетістіктеріне де оң ықпал етеді. Осыған орай ұйымдастырылатын команда құру тренингтері мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, ұжымдағы сенім мен сыйластықты нығайтып, ынтымақты орта қалыптастыруға зор мүмкіндік беретіні анық.

2025 жылдың 26 қарашасында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Шымкент қаласы бойынша Кәсіби Даму институтының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес №149 жалпы орта білім беретін мектепте «Ынтымақты ұжым – жайлы мектеп» тақырыбында педагогтерге арналған команда құру тренингі ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты педагогикалық ұжым мүшелерінің өзара түсіністігін арттыру, бір-біріне деген сенім мен құрметке негізделген тиімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту арқылы мектептегі жағымды психологиялық климатты қалыптастыру болды.

Шараға 50-ден аса педагог қатысып, қатысушыларға түрлі интерактивті жаттығулар мен топтық тапсырмалар ұсынылды. Тренинг барысында олар бірлесе әрекет ету, ортақ шешім қабылдау, бір-бірін тыңдай білу және қолдау көрсету дағдыларын тәжірибеде шыңдады. Аталған тренинг мұғалімдердің кәсіби байланысын нығайтып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуына, тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісуіне, ұжымдық мәдениетті жетілдіруге, бір-біріне деген сенім мен сыйластықты күшейтуге бағытталған шара ретінде ерекшеленеді.

Педагогтың кәсіби біліктілігі – ол тек теориялық білім мен пәндік құзыреттілікті ғана емес, сонымен қатар оқу процесін тиімді ұйымдастыру, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы білім беру қабілетін, шығармашылық ойлау мен проблемаларды шешу дағдыларын, сондай-ақ командада жұмыс істей білу мен өзара тәжірибе алмасу қабілетін қамтитын кешенді ұғым. Кәсіби біліктілік жоғары деңгейде болған мұғалім өз пәнін терең меңгеріп қана қоймай, оқушылардың оқу мотивациясын арттыра алады, олардың әлеуметтену және жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар педагогтың кәсіби біліктілігі оның инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану, заманауи технологияларды сабаққа енгізу, өз тәжірибесін әріптестермен бөлісу және ұжымдық жұмысқа белсенді қатысу қабілетімен тікелей байланысты. Осы себепті мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы тренингтер мен кәсіби даму шаралары білім беру сапасын көтеру үшін аса маңызды болып табылады.