Оқушылардың құқықтық, психологиялық және діни сауаттылығын арттыруға арналған тәрбиелік кездесу өтті

Авторы:

27.11.2025

Мектеп баланың тұлға болып қалыптасатын, ой-өрісінің кеңейіп, саналы азаматтық позициясының дамитын негізгі орта десек, мұнда тек академиялық білім беріп қана қоймай, сонымен қатар оқушылардың құқықтық, психологиялық және рухани тәрбиесіне ерекше мән берілетіні белгілі. Тәрбиелік жұмыстар мектеп өмірінің маңызды бөлігі болып табылады: олар жасөспірімдердің жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, дұрыс шешім қабылдауға, қоғамдық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталған. Осындай мақсатпен Шымкент қаласы білім бөліміне қарасты №75 мектеп-гимназиясында оқушылардың жан-жақты дамуы мен саналы өмірлік таңдаулар жасауына ықпал ететін тәрбиелік және түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Іс-шараға Тұран ауданы әкімі аппаратының, Дін мәселелерін зерттеу орталығының, сондай-ақ Психологиялық денсаулық орталығының бас мамандары қатысты. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтіп, олардың жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, дұрыс таңдау жасауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға ықпал етеді.

Кездесу барысында Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Сейтхан Сымбат Ержанқызы «Жастар және діни сауаттылық: қауіпсіздік жолдары» тақырыбында оқушыларға түсінікті әрі пайдалы ақпарат беріп, туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Теолог жастарға дінді дұрыс түсіну, экстремистік және радикалды ағымдардан сақтану жолдары туралы нақты кеңестер берді.

Ал Тұран ауданы әкімі аппаратының бас маманы Жақсылық Алихан Бақбергенұлы оқушылармен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін талқылап, нақты өмірлік мысалдар арқылы бағыт-бағдар көрсетті. Ол жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және жауапкершілік сезімін дамыту маңызын түсіндірді.

Сонымен қатар, Психологиялық денсаулық орталығының маманы Игенбекова Дина Базарбекқызы нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіп, зиянды әдеттердің денсаулыққа, психологиялық жағдайға және әлеуметтік өмірге әсері туралы ақпарат берді.

Мұндай кездесулер оқушылардың жан-жақты дамуына, саналы шешім қабылдау қабілетін қалыптастыруға, қауіпсіздік ережелерін сақтау мен дұрыс өмірлік бағдарларды таңдауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, олар жасөспірімдердің құқықтық және моральдық мәдениетін арттыруға, діни сауаттылығын нығайтуға мүмкіндік береді.