Қазіргі заманда мамандық таңдау – жасөспірімнің болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадамдардың бірі. Жаһандану үдерісі, технологиялардың дамуы, еңбек нарығындағы сұраныстың өзгеруі жастардан кәсіби бағытты дұрыс анықтауды талап етеді. Осы орайда мектеп қабырғасынан бастап тиімді кәсіптік бағдар беру – түлектердің болашақ өмір жолын айқындауға үлкен мүмкіндік беретін маңызды жұмыс. Кәсіптік бағдарлау арқылы оқушылар өз қызығушылығы мен қабілетін танып, қай салада табысты бола алатынын түсінеді. Сол себепті білім беру ұйымдары тарапынан ұйымдастырылатын мамандықтар жәрмеңкелері – оқушыларға нақты ақпарат пен кәсіби бағыт-бағдар берудің ең тиімді құралдарының бірі.
Бұл бойынша Шымкент қаласындағы №140 жалпы орта білім беретін мектепте 9 және 11-сынып оқушыларына арналған кең ауқымды кәсіптік бағдар беру жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің басты мақсаты – мектеп түлектеріне қаладағы оқу орындары туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, түрлі мамандықтармен таныстыру және болашақ кәсіби бағытын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру.
Іс-шараға Шымкент қаласындағы бірнеше колледж бен кәсіптік білім беру ұйымдары қатысып, өздерінің білім беру бағдарламаларын, мамандық түрлерін және оқу мүмкіндіктерін таныстырды. Әр оқу орны өз бағытына сай көрме экспозицияларын ұсынып, оқушыларға практикалық және теориялық мүмкіндіктерді кеңінен түсіндірді.
Колледж өкілдері түлектерге әр мамандық бойынша қандай білім мен дағды алуға болатынын, оқу аяқталған соң қандай салада жұмыс істеуге мүмкіндік барын нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, техникалық мамандықтардың артықшылықтары, дуальды оқыту жүйесі және гранттық мүмкіндіктер туралы кең көлемді консультациялар берілді.
Жәрмеңке барысында оқушылар оқу орындарының мамандарымен тікелей сөйлесіп, қызықтырған сұрақтарын қойып, өз қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келетін бағыттарды талқылады. Әсіресе, қазіргі таңда сұранысқа ие ІТ, медицина, құрылыс, сервис, педагогика секілді салаларға қатысты ақпаратқа қызығушылық жоғары болды.
Кәсіптік бағдарлау жәрмеңкесі оқушылардың болашаққа деген сенімін нығайтып, олардың өз-өзін тануына, жеке қабілетін дамытуына, әрі еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерді түсінуіне жол ашты. Іс-шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, бұл жәрмеңкені жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу қажеттігін атап өтті.