Табиғатты тану балабақшадан басталады

Авторы:

29.11.2025

Балабақшадағы метеорология жобасы балалардың табиғат құбылыстары туралы қарапайым түсініктерін қалыптастырып қана қоймай, олардың қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас жасауына ықпал етеді. Табиғаттың өзгерісін бақылау арқылы бала өзін қоршаған әлемді жан-жақты таниды, зерттеушілік дағдылары дамиды. Себебі мектеп жасына дейінгі балалар – туа біткен зерттеушілер. Олар үнемі сұрақ қойып, тәжірибе жасап, мәселені өздігінен шешуге ұмтылады. Тәрбиешінің міндеті – осы табиғи қызығушылықты дұрыс бағытқа бағыттап, қолдау көрсету.

Осы мақсатта Шымкент қаласындағы №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында метеостанция құру идеясы жүзеге асты. Балалар ауа райының өзгерістерін бақылап, табиғи құбылыстарды тәжірибе жүзінде зерттей алды. Сонымен қатар, ауа райына байланысты халықтық белгілерді таныды.

Бұл жоба аясында «Ласточка» ересек тобының тәрбиешісі Гильметдинова Л.С. балаларды метеоролог мамандығымен, метеорологиялық станцияның құрылымымен және оның жұмыс мазмұнымен таныстырды. Балалар термометр, флюгер, жаңбыр өлшегіш, барометр, компас, гигрометр, жел жеңі, күн сағаты т.б. секілді құралдардың қызметі туралы түсінік алды.

Сонымен қатар, «№73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында балабақша әдіскері У.Аралбекова және педагог-психолог Г.Рысбаеваның ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің тиімді әдістері» тақырыбында шебер-сынып өтті. Шебер-сынып барысында тәрбиешілерге балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін, қамқорлық сезімін тәрбиелеуде қолданылатын заманауи және тиімді әдіс-тәсілдер таныстырылды. Педагогтерге экологиялық тәрбие берудің теориялық негіздері түсіндіріліп қана қоймай, тәжірибелік жұмыстар ұсынылды. Қатысушылар табиғатты қорғау, экологиялық мәдениет қалыптастыру және балалардың бақылау, зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған әдістерді іс жүзінде қолданып көрді. Шебер-сынып барысында педагогикалық тәсілдер көрсетіліп, тәжірибе арқылы білім мен дағдылар тереңдетілді.

Экологиялық тәрбие – баланың ерте жастан табиғатты аялау, оны қорғау, жан-жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық көрсету сияқты адами құндылықтарды бойына сіңірудің маңызды бөлігі. Мұндай жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі болашақта экологиялық санасы жоғары, табиғатқа жанашыр ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді.